Францияда «Қазақ моцарты» пьесасының тұсаукесері өтті

Францияда Рахат би Әбдісағин пьесасының әлемдік тұсаукесері өтті. «Қазақ Моцарты» атанған композитор бұл туындысын Францияның сыбызғылар оркестрінің тапсырысымен жазған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұжым жаңа концерттік маусымын осы шығармамен бастады. Париждегі опера залына сыбызғы әуеніне құмар жандар жиналды. Ол әлемдегі ең ежелгі музыкалық аспаптардың бірі. Алғаш рет «Алыстан келген ойлар» пьесасы орындалды.  Дүниежүзіне әйгілі қазақ композиторы оны арнайы сыбызғылар оркестрі үшін жазған.

Пьер-Ив Арто, Франция сыбызғылар оркестрінің негізін қалаушы:

Ол ең ұлы жас композиторлардың бірі. Мен оны осылай атап жүрмін. Жас композиторлардың талайын көрдім, бірақ ол кәсібінің шыңына жеткен. Онымен тілдескен, оның музыкасын орындаған музыканттардың барлығы асқан дарынын мойындайды.

Көптеген шығармалары секілді Рахат-би Әбдісағинның жаңа пьесасы математикалық дәлдік пен нәзік лириканың үйлесімімен ерекшеленеді. Орындауы күрделі болғанымен, тыңдауға жеңіл.

Марк Ажжар, Франция сыбызғылар оркестрінің жетекшісі:

Алғашында не боларын білген жоқпыз. Бүкіл оркестр орындамай тұрған кезінде-ақ өте қызық екенін көрдік. Бірақ ақырында, түпкі нұсқасында қалай естілетіні түсініксіз болған. Техникалық тұрғыдан күрделі тұстары болған, бірақ жаттыққаннан кейін, автордың ойын түсіндік. Менің ойымша, шығармасы оркестрге қатты әсер етті. Музыкасы бірден өзіне баурап алды. .

24 сыбызғышы орындаған «Алыстан келген ойлар» пьесасының әуені заманауи. Бірақ онда ортағасырлық еуропалық музыка мен Ұлы дала мұрасы анық естіледі. Франция көрерменедері туындыны өте жылы қабылдады.

Доменико Джанджордани, әнші:

Мен үшін бұл жұмбақ. Өте таза әрі сезімтал. Осы музыкаға елігу керек, өйткені аспаптары сөйлеп тұрғандай. Сыбызғылар оркестрін алғаш рет тыңдадым.

Бақберген Қойшыбаев Қазақстанның Франциядағы елшілігінің мәдениет жөнінде атташе:

– Біз бүгін еліміздің азаматы, жас композиторы шығармасының премьерасының куәгері болдық. Шетелде көрермен ретінде қазақ әуендері құлағыма естілгеніне  ризамын. Сондықтан оның шығармасы шетелде орын алады деп ойлаймыз. 

Қазақ композиторының бұл туындысы сыбызғылар оркестрінің реперутарына енбек. Ал үзінділері Франция сыбызғышыларының оқу бағдарламасына қосылатын болды.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан