Қарағандыда XVIII ғасырдың Құран кітабы музейге тапсырылды

Дәл осы Қарағандыда 130 жасында өз аяғымен жүріп, 32 тісі сау, көзілдірік кимей, өмірден өткен ананы білесіз бе? Ол туралы америкалық тілшілер де таңдай қағып, жазған. Қарт  әже қилы заман болса да құран кітаптарын көзінің қарашығындай сақтап келіпті. Көп жасауының сыры да осында жатыр ма деп те ойға қаласың.

Кейуана қазір өмірде жоқ. Дегенмен, талай дүниесі қалды. Солардың бірсыпырасын ұрпақтары Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің 90 жылдығына орай тарту етті. Ал сол дүниелердің арасындағы құран кітаптардың кемі 3 ғасырлық тарихы бар дейді мамандар. 

Музейден бір бұрыш бұйырып, заттары қойылған Сахан Досованың бір ғасырдан астам ғұмыры шым-шытырыққа толы. Оның ата-анасы не бары 6 жасында обамен ауырып қайтыс болып, жалғыз қалады. Онан соң 18-жасында тұрмыс құрып, жеті құрсақ көтереді. Бірақ аштық жылдары жетеуі де аман қалмаған. Ал жұбайы болса Сталининград түбіндегі шайқаста шейіт болған. Соғыстан кейін екінші рет күйеуге шығады. Содан үш бала көтереді. Тек осы кезде ұрпақ –жұрағаты жалғасады. Музейге заттарын қойған шөбересінің өзі бүгінде 66 жаста. 

Құрма тасынан жасалған тәспі, ешкі жүнінен тоқылған шәлі және апаның өз қолымен тігілген перделері мен ескі сағаттары қазір музейдің ерекше экспонаттарына айналып шыға келді. 2009-шы жылы қайтыс болған Сахан әже кезінде талай асылдарды көзі көргенін айтып отырыпты. 

Гүлғайым Кәмиева, шөбересі:

- Ақтар кетіп, қызылдар келген заман ғой. Мен күйеуге тигенде Ленин әлі қатын да алмаған. Маған нәғыл дейсің, нешеде екенімді өзің есептесейші деп айтатын еді. Өзі қалжақ болатын, Семейдің қызы ғой, Семейде шәй сатып жүргенде Жамбыл Жабаевты көрдім, ақымақ болдым, сонда сол шалға көнбеп едім деп күлген. Қажымұқанды көрдім, желкесінен алып ап, құлатқанын көрдім деп айтып отыратын.

Музейде жыл басынан бері «Жәдігерлер шеруі» деген жоба басталған. Оның аясында музей қызметкерлері ел-жерді аралап, тарихы терең, тұрғындарға қызықты болатын жәдігерлерді іздейді. 3 ғасырлық тарихы бар құран кітап- ең құнды жәдігер болып отыр. 

Динара Амангелдіқызы, тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері: 

- Бұл құрандар сонау 18-ғасырдың шамасы болу керек. Бұл тек тарихи емес, ғылыми және діни тұрғыда да өте құнды, сирек кездесетін кітаптар қатарына жатады. Көп оқығаны сонша, кітаптың шет жақтары жыртылып та қалған. Сондықтан біз оны әр парағын файлға салып, тиісті температурасын қолдана отырып, көрермен назарына ұсынып отырмыз.

Сахан әже 130 жасында таяқ ұстап жүре берген. Өле өлгенше көзіне көзілдірік кимей, 32 тісі сау болыпты. Ол туралы американдық тілшілер де жазған. Шөпшек көрген қарттың қазір 3 баласынан 8 немере мен 12 шөбересі қалған.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар