Қазақ театр өнеріне қос кітап қосылды

Көрнекті театр және кино актрисасы Шолпан Жандарбекованың туғанына – 100 жыл. Бүгін Астанада халық артисінің мерейтойына арналған Қазақстан драма театрларының XXVIIІ республикалық фестивалі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәдени шара аясында белгілі театр режиссері, драматург Қадыр Жетпісбаевтың 80 жылдығына арналған қос томдық кітап жарыққа шықты. «Режиссер. Суреткер. Тұлға. Естеліктер» атты кітап пен «Бала мерген» пьесалар жинағы көпшілікке арнайы таныстырылды. Белді режиссер Қадыр Жетпісбаев «Қаллеки» театрының алғашқы жылдарында жетекшілік етіп, репертуарының қалыптасуына өзіндік еңбегін сіңірген тұлға. Тұсаукесер өнер сүйер қауымға кеңінен танымал режиссердің «Бала мерген» спектаклінің қойылымымен жалғасты.

Амангелді Мұқан, кітап авторы, өнертанушы:

«Бала мерген» деген кітабы 1980 жылы өнер баспасынан 10 мың данамен шыққан. Бірақ бүгінде жоқ. Сондықтан да театр, режиссер, балаларға өте қажет пьессалар деп ойлаймын. Сондықтан бұл өте дер кезінде шығарылып отыр. Негізі салт-дәтүрге негізделген, қазақи, жасөспірімдерге арналған керемет материал.