Алматыда Korkut Sound биенналесі өтіп жатыр

Алматыда «Целинный» заманауи мəдениет орталығының ұйымдастыруымен Korkut Sound жəне жаңа музыкалық биеннале өтіп жатыр. 

Оның бағдарламасына  қазақстандық жəне шетелдік  артистердің қатысуымен үш концерт, site-specific бес аудиовизуалды инсталляция мен халықаралық суретшілердің көрмесі кірген. Кезекті концертті алматылықтар  Халық музыкалық аспаптары музейінде тамашалады. Айта кетейік, «Целинный» орталығы еліміздегі заманауи мәдениет пен өнерді дамытуға бағытталған алғашқы жекеменшік институция.

Биеннале Қазақстанның бірегейлігі мен мəдениетінің маңызды бөлігі. Ол дыбыс пен музыкаға деген қызығушылықты арттырады. Қорқыт ата арқылы қазақтың болмысын көрсетеді. Бұл елімізде дыбыс өнеріне қатысты  осындай ауқымдағы бірінші шара. 

Жәмилә Нұркалиева, "Целинный" заманауи мәдениет орталығының директоры:

- Korkut sound концертінде өнер көрсететіндердің қатарында Дария Нұртаза, Әділ Құмарна, Хуншо Фан сияқты музыканттар бар.  Мәселен, Дария өзінің шығармасын Қорқыт мемориалына барып жазған. Онда сайын даланың, желдің дыбысын естуге болады. Электронды музыкамен керемет үйлеседі.  

Өнерде заманауи әдістерді енгізе отырып, музыканы осылай әрлеуге болады. Бұл қазіргі уақыт талабы. Біз жасанды интеллект мүмкіндігін  қолданып жатырмыз, дейді домбырашы Дәулет Жаншин.

Дәулет Жаншин, домбырашы:

- Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес енді. Жасанды интеллектпен музыка ойнау, музыка шығару сол сәтте оңай сәт демес деп ойлаймын. Мысалы, мен 5-6 секунд музыка шығарам. Сол менің музыкамды ойнаған. Жасанды интеллект ары қарай дамытып, өзінің импровизациясын қосады. Одан кейін мен сол музыканың сол интеллектінің музыкасын дамыту керек болам. Солай- солай кете береді. 

Korkut дыбыс өнері жəне жаңа музыкалық биеннале шара аясында сурет пен музыкалық аспаптар көрмесі де өтіп жатыр. Инсталляцияны ботаникалық бақтан, орталық көрме залынан және халық музыкалық аспаптар музейінен тамашалауға болады.

Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов