«Астана Балет» театры алғаш рет Грузияға гастрольмен барды

Шығармашылық ұжым Тбилиси төрінде өнер көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балет майталмандарының Грузияға сапары бұрыннан жоспарланған еді, алайда коронавирусқа байланысты кейінге қалған болатын. Әйтсе де ештен кеш жақсы. Өнерпаздар көрерменнің қошеметіне бөленді.

"Астана балет" театры Грузияға екі күнге келді. Көп ұзамай, Тбилисидегі опера және балет театрында «Ұлы Дала мұрасы» көрсетіледі. Осылай деп аталатын бағдарламаға үш қойылым кірді. Бірінші күні театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри қойған «Саломея» балеті және хореограф Рикардо Амарантенің «Баяу от» балеті көрермендердің назарына ұсынылды. Екінші күні "Астана балет" театры Ұлы Дала мұрасы концертін орындады. Онда ұлттық туындылар мен замануи хороеграфия жақсы үйлестірілген.

Айгүл Тәти, «Астана балет» театрының хореографы:

- «Ұлы дала мұрасы» бағдарламасына түрлі мәнер мен сипаттағы ұлттық билер кірді. Әрине, Қазақстан балетмейстерлерінің шығармашылық қолтаңбалары ерекшеледі. Бұл ең алдымен, табиғатымыз және онымен тығыз байланысты руһани дүниеміз.

Александр Совостьянов, «Астана балет» театрының директоры:

- Біз Грузия астанасының басты сахналарының бірінде өз өнерімізді барынша көрсетуге тырыстық. Биыл жолымыз түсіп осында келдік. Бірнеше толқын ұрпағымен  балет өнерінде тәрбиеленген жергілікті көрермендердің бағасы біз үшін өте маңызды.

Қазақстандық өнерпаздардың жарқыраған киімдері, әдемі музыка мен орындаушылардың керемет шеберлігі жергілікті көрермендердің қөңілін баурап алды.

Мари Буджиашвили, көрермен :

- Осыған дейін мұндайды көрген жоқпын. Бәрі өте әдемі болды. Келгеніме өте ризамын. Қазақстан өнерпаздарын жиі көргіміз келеді. 

Светлана Белыш, көрермен:

- Киімдері өте әдемі, ерекше көрінеді. Декорациялары көз тартады. Сезімімді білдіруге сөзім жетпей отыр.

Әр миниатюрасында жастық, нәзіктік пен өмірге құштар ашық ұлттық мінезі айқын көрінеді. Қазақ халқының осы қасиеттері грузиндерге де жақын болып шықты.

Авторы: Юлия Тужилкина