Алматыда «Ділмар» шешендік өнер байқауы өтті
Алматыда мектеп оқушылары арасында республикалық шешендік өнер байқауы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Іс-шараның алғашқы кезеңінде сөз көркемдігі, ой ұшқырлығы, тіл тазалығы, дауыс мәнері мен сахна мәдениеті сарапқа салынды. Екінші бөлімінде қатысушылар би-қазылардың сөзін жатқа айтып жарысты.
Еске сала кетейік, өнер байқауы осымен 4-ші мәрте тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сайыс жасөспірімдер арасында жүйелі сөйлеу дағдысын қалыптастыруды, яғни халқымыздың баға жетпес бай мұрасы шешендік өнерді насихаттауды көздейді. Бұл жолы оған еліміз бойынша 30-ға жуық оқушы қатысып, бақтарын сынады. Үздіктері қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Жарқын Сәленұлы, жоба авторы:
- Оқушыларды шешендікке баулу бүгінгі таңда өте қиын. Оны былай қойғанда тілдің тазалығын сақтап сөйлеуге үйретудің өзі өте қиын. Осындай кезеңде кешегі ата-бабаларынан қалған өнегелі өсиетті, тығылымды, тәрбиелі сөздерді жаттап, көкейіне сақтап, түйіп өмірлік ұстанымына айналдыра отырып, күнделікті өмірде қолдану үшін көптеген іс-шаралар жасау керек. Соның бір саласы осы шешендік байқау.
Шәміл Несіпбай, оқушы:
- Кешегі Төле билердің өзі жер дауын, жесір дауын 15 жасында шешкен болатын. Менің жасым 16-да. Осындай ұлылардың ұлағатты ұрпағы бола тұра алла қаласа Қазақстанның тізгінін ұстайтын ұрпақтардың бірі болғандықтан ел дауын, жер дауын шешетіндей ораторлық қасиетімді дамыту үшін осы жарысқа қатысып отырмын.