Анкарада А. Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай халықаралық конференция өтті

«Репрессия және Ахмет Байтұрсынұлы». Анкарада ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойына орай халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шараға түбі бір түркі жұртының алаштанушы және түрколог ғалымдары қатысты. Атап айтқанда, Хажы Байрам университеті, Түркиядағы Қазақстан елшілігі, Еуразия жазушылар одағы мен «Қыр баласы» қоғамдық қорының өкілдері бас қосты. Олар тіл реформаторының азаттық жолындағы күресі, тіл саласына қосқан үлесі мен шығармаларын сөз етті. Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынұлының иллюстрациялық суреттерінен құралған көрме ашылды. Алаштану ғылымына елеулі үлес қосқан ғалымдар марапатталды. «Ұлт мектебінің жүрегі - Ахмет Байтұрсынұлы» атты кітап жергілікті халыққа тарту етілді. Кітаптың атауы бас мұғалімге Түркістан зиялыларының  1922 жылғы «Аға, күшті сенің қаламың, Халық ісі – сенің тамағың. Жаса ұлт мектебінің жүрегі» арнауынан алынған.

Түмен Сомунжуоғлұ, Хажы байрам университетінің профессоры:

- Түрік оқырмандарына арналған бұл кітапта Ахмет Байтұрсынұлының өзі жан-жақты сараптаған 14 мақаласы бар. Олар Нергиз Бирай, Гүлжанат Эржиласун, Елдос Тоқтарбай және Заңғар Кәрімхан тарапынан әзірленген. Кітапты оқыған адам Алашордашы пікірімен және сирек кездесетін архив деректерімен таныса алады.

Нергиз Бирай, Памуккале университетінің профессоры:

- Түркі тілдес мемлекеттердің денінде репрессия болған. Солардың арасында ең қатты зардап шеккені - қазақ елі. Оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы секілді ұлы тұлғалар бар. Ғалым ретінде біздің міндетіміз - олардың ойлары мен еңбектерін келешек ұрпаққа түсіндіру. Өмірлік қағидалары жайлы жан-жақты ақпарат беру. Біз бұл тұлғаларды түркі дүниесінің ағартушылары деп есептейміз. Осы тұрғыдан, бүгінгі шараның маңызы зор.