Таразда Илья Жақановтың жеке шығармашылық кеші өтті

Таразда жазушы, композитор, музыкатанушы және Қазақстан мен Қырғызстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақановтың жеке шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салтанатты думанда «Еңбек ерінің» шығармалары жинақталған бірнеше кітаптың тұсаукесері болды.

Салтанатты шара қайраткердің «Жайлаукөл кештері», «Таңғажайып махаббат», «Дүлдүл» атты кітаптарының тұсаукесерімен басталды. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Илья Жақановқа қазақ дәстүрімен иығына шапан жауып, сазды кешіне ақ тілегін арнады.

Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі:

- Илья аға сіздермен мақтанамыз. Сіздер бізге үлкен үлгісіздер. Сондықтан мемлекеттік басшы  Қазақстанның ең үлкен дәрежесі Қазақстанның Еңбек ері деген орденмен мараппаттады сізді.  Шығармашылық жұмысыңызда, жалпы өзіңіздің өміріңізге тек қана жақсылық тілейміз.

Мәдениет майталманының қоржынында 200 ден аса туынды бар. Сол рухани болмысты шығармалардың жиырмаға жуығын концертте облыстың өнерпаздары орындады. Ал, кеш қонақтары сазгерге, сырлы әндеріне деген ықыластарын қолшапалақтап жеткізді.

Илья Жақанов, Қазақстанның Еңбек ері:

- Менің концертім емес, қазақ музыкасының бір салтанатындай болып өтті. Зерттеуші Потаниннің сөзі бар: Маған бүкіл қазақ даласы әндетіп тұрғандай болады,- дейді. Мен сол әндеткен даланың перзентімін. Қазақтың бүкіл қазақтың өміріндей өмір жоқ еш жерде. Осы өмірлеріңізге қылау түспесін.

Қазақ өнерін әуезді әнмен өрнектеген сазгердің кеші осылайша жоғары деңгейде өтті. Ілия Жақанов қазақ ән өнерінің өрісін кеңейтіп, жазушылық  қарымен оқырманның өресін өсірген тұлға. Қыл қаламынан туындаған суреттерімен қазақ мәдениетін кестелеген суретші.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев