Көкшетауда журналист Т. Қажыбайдың 80 жылдығына арналған ақындар мүшайрасы өтті

Көкшетауда қарымды қаламгер, жазушы, журналист Төлеген Қажыбайдың 80 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшайрасы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сайысқа 18-40 жас аралығындағы от ауызды, орақ тілді 33 ақын қатысты. Олар өз жырларына Төлеген Қажыбайдың шығармашылығы мен ғибратты ғұмырын арқау етті.

Мүшайра шарты бойынша қатысушылар екі туынды ұсынған. Біріншісі тау тұлғалы Төлеген ақын болса, екіншісі кербез Көкшені жырға қосу. Қос тақырыпты өлеңге кестелеп өрген жас саңлақтар іріктеу кезеңнен іркілмей өткен.

Айдар Сайлауов, жарысқа қатысушы:

- Төлеген ағамыздың ең бір ұнағаны сегіз қырлы, бір сырлы азамат екенін білдік. Өйткені ол кісіде әншілігі, жыршылығы журналисттігі мен прозасы да бар. Барлық саланы қамтыған. Осындай ағаларымыздан үлгі алып, жан-жақты қырын бір өлеңге сыйдырып алып келдік.

Нұртас Ахат, қазылар алқасының төрағасы:

- Жақсы, тамаша, құнаралы өлеңдер түскен екен. Соларды сараптап шығардық. Негізі қортындылай айта келгенде жалпы кез-келген ақынның қоғамға қосқан үлесі болса біз сол ақынды насихаттап, дәріптеу біздің парызымыз.

Қаламгердің құрметіне орай өңірде 300-ге жуық іс-шара жоспарланған. Тек облыс орталығында ғана емес барлық аудандар да белсене атсалысып жатыр,-дейді ұйымдастырушылар.

Дина Бейсембаева, облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы:

- Әрбір аудандық 200-ден астам кітапханада көрмелер, тақырыптық кештер және поэтикалық, поэзиялық шаралар ұйымдастырылды. Төлеген Қажыбаевтің қазақ әдебиетіне қосқан үлесін ұлықтау мақсатында бүгін тұрған үйі Біржан сал 29 мекенжайдағы үйге мемориалдық тақта орнатылды.

Мүшайра қортындысы бойынша ақмолалық Мерген Тоқсанбай үшінші, ал Батыстың Қазақстан облысының ақыны Бауыржан Ширмединұлы екінші орынға табан тіреді. Жүлделі бірінші орынды елордалық Біржан Ахмер иеленді. Сайыстың бас жүлдесін және 1 млн теңгені көкшетаулық Қуаныш Оспан қанжығалады.