Сыншылар Болат Аюхановты өнердегі ерекше құбылысқа балайды

Қазақ балетіндегі аңыз адам Болат Аюханов дүниеден озды.

Сыншылар оның туындыларын би өнеріндегі ерекше құбылысқа балайтын. Естеліктерге құлақ түрейік.

Болат Аюханов қазақ балет өнеріндегі шоқтығы биік тұлға. Оның қазасы көптің қабырғасын қайыстырғаны рас. Семейдің тумасы осыдан 55 жыл бұрын "Алматының жас балеті" театрының негізін қалаған. Бұл Кеңес Одағындағы алғашқы хореографиялық миниатюралар ансамблі еді. Бүгінде шығармашылық орта мемлекеттік академиялық би театры ретінде танымал. Аңыз адам балетті билеп қана қойған жоқ, ол туралы кітап жазды, түрлі жанрларды сабақтастырып, ауқымды өнерге айналдырды.

Гүлмира Ғаббасова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Бұл әрине бәріміз үшін үлкен қайғы. Өйткені Болат Аюханов балет өнерінің жарқын тұлғасы, біздің ұстазымыз. Біз бірге көп жұмыс істедік. Айналасындағылар одан хореография, музыкалық өнер, режиссураны меңгерді. Болат Аюханов шәкірттерінің бойына  барлық білімді сіңіруге тырысты. Ол біз үшін жай ғана кәсіби маман емес, аты үлкен әріптермен жазылатын ұстазымыз еді. Оны хореографияның әкесі десем артық айтпаймын. 

Махаббат Сәпиева ұстазынан айырылды. Оған оқу бітіре сала, Алматыдағы Болат Аюхановтың мектебінен өту бұйырған. Екі жыл бойы аңыз адамның жанында болды. Кейін батасын алып, Астанаға жол тартқан. Қазір "Астана опера" театрында еңбек етеді.    

Махаббат Сәпиева, "Астана Опера" театрының балет артисі:

- Ол кісінің дайындауымен "Болеро" деген бір актілі балетін биледім. Солировать еттім. Ол ең бірінші қойылымдарының бірі деп айтсақ болады. Ол балетті ерекше қабылдайды әлі күнге дейін. Әрбір дайындыққа келетін болды. Өмірінің соңына дейін ешқай дайындықты тыс жібермейтін. Жан-тәнін беретін. Бізге түсіндіретін, барлығын жүректен шығарып көрсететін. 

Балетмейстердің қойылымдары шынайылығымен, күрделі әрі ой салар түйінімен ерекше еді. Сондықтан болар, Еуропа мен Азия аумағында үлкен қошеметке ие болды. Махаббат айтқан "Болеро" қойылымында өзі 60 жасына дейін билеген. 

Лариса Ким, Мемлекеттік академиялық корей театрының балетмейстері:

- Ол біз үшін үлкен тұлға. Кәсібилігін, адалдығын, адамдығын үлгі тұттық. Болат Аюханов болмаса біз бұл салада жүрмес едік деп ойлаймын. Ол бізді оқытып қана қойған жоқ, осы өнерді бойымызға сіңірді. Бізге сенім білдірді. Ауырып жүрсе де, өмірінің соңына дейін өнерге адал болды. Жоспары көп еді. Енді оның бәрін оқушыларына аманат болып қалды.

Би өнеріндегі қайталанбас тұлға - Болат Аюхановпен қоштасу рәсімі ертең Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтеді. 

Мерей Мұратханқызы, Ерлан Наурызбаев