Абай облысының ең үздік жас скрипкашысы анықталды

Семейде Абай облысының ең үздік жас скрипкашысы анықталды.

Қазақтан шыққан кәсіби тұңғыш скрипкашы Әйткеш Толғанбаев атындағы байқауға өңірдің музыка мектептері мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Жас скрипкашы Әсем Оразалина Жәнібек Кәрменов атындағы саз мектебінде оқиды. Байқауда бағын сынау үшін Абай ауданының Қарауыл ауылынан келіпті.

Әсем Оразалина, байқауға қатысушы:

- Кішкентай кезімнен скрипкаға қызықтым. Әйткеш атам сияқты бұл аспапта жақсы ойнауды армандадым. Арманым орындалды деп есептеймін. Скрипкада ойнаған ұнайды. Шабыт аламын.

Ұстазы Нұргүл Төлемісованың айтуынша, Әсем 6-сыныпта оқыса да, бірнеше байқауда жүлдегер атаныпты. Ал Әйткеш Толғанбаев дүниеге келген Абай ауданында скрипкаға құштар жастардың қатары жылдан жылға көбейіп келеді.

Нұргүл Төлемісова, Ж. Кәрменов атындағы саз мектебінің мұғалімі:

- Бізде Әйткеш Толғанбаев атындағы скрипка сыныбы 2005 жылы ашылды. Ауылымызда осы аспапқа қызығатын оқушылар көп. Әйткеш атамыз өңдеген «Ғайни», «Арынғазы», «Елім-ай» шығармаларын қызыға орындайды.

Облыста тұңғыш рет ұйымдастырылған өнер додасында Абай ауданының тумасы, «қазақтың Паганиниі» атанған Әйткеш Толғанбаевтың қызы Сәулета да қатысты. Қазылар алқасының құрамында болған ол жас скрипкашылардың аяқ алысы көңілінен шыққанын жеткізді.  

Сәулета Әйткешқызы, Ә. Толғанбаевтың қызы:

- Әйткеш Толғанбаев атындағы тұңғыш байқаудың әкемнің туған жерінде өтіп жатқаны қуантады. Байқауға алдағы уақытта жастар көбірек қатысса деген тілегім бар.

Айдар Ыбыраев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

- Бұл байқау биыл бірінші рет өтіп отырғандықтан облыстық деңгейде ұйымдастырдық. Шара алдағы жылдары жалғасын табады. Келесі жылы республикалық, одан кейін халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз.

Екі күнге созылған сайыста 10-ға жуық жас скрипкашы халық әндері мен Әйткеш Толғанбаевтың репертуарына енген туындыларды орындады. Байқау қорытындысында жүлделі бірінші, екінші орынды семейлік студенттер иеленсе, Абай ауданынан келген 6-сынып оқушысына 3-орын бұйырды.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов