«Астана Опера» театры Минскіге гастрольмен барды

Опера труппасы Беларусь үлкен театрында Джоаккино Россинидің «Жібек саты» қойылымын сахналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін беларусь елінде театр әртістері бірнеше рет концерт берген. Сондықтан, ұжым жергілікті өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Ал, спектакль алғаш рет қойылып отыр.

«Жібек саты» — Джоаккино Россинидің бір актілі фарс операсы.  Көргенге жеңіл.  Музыкасы көңілді әрі ойнақы. Одан кәнігі венециялық романтиканың  лебі еседі. Десе де, опера артистері үшін үлкен шеберлікті талап етеді. «Астана Опера» труппасы беларусьтықтарға дәл осы қойылымды ұсынды. Рольдерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Азамат Жылтыркөзов және  Артур Габдиев тамаша орындады. Ержан Саипов, Салтанат Мұратбекова мен Руслан Совет те көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Азамат Жылтыркөзов, «Астана опера» театры опера труппасының директоры:

- Бұл спектакльде алты рольдің бәрі басты роль. Бір актілі опера болғаннан кейін бір жарым сағаттың ішінде бәрі бір- бірімен бәрі байланысты. Өзінің бір –бір ариясы бар. Үлкен триолары бар. Квартеттері бар.

Оқиға өзінің сүйіктісі Дорвильге жасырын тұрмысқа шыққан Джулияның төңірегінде өрбиді. Оның қамқоршысы Дормонт қызды Бланзакқа тұрмысқа беруге тырысады. Қойылымның соңында түсініспеушіліктің мән-жайы белгілі болып, ғашықтар бас қосады.

Татьяна Глик,  Минск қаласының тұрғыны:

- Бір деммен тыңдап шықтым десем де болады. Солистердің дауысы керемет. Оған сахнаның декорацияциясы, костюмдері қосылғанда керемет атмосфера қалыптасты. Біз «Астана Опера» театрының репертуарынан хабрдармыз. Солистерін  жақсы танимыз.

Анна Туровец, Минск қаласының тұрғыны:

- Біз артистердің өнеріне тәнті болдық.  «Астана Операның» солистерін жанды дауыста тыңдағаныма қуаныштымын. Бір жарым сағат тез өте шықты. Қазіргі заманда дәл осындай таза шынайы өнерге құлақ түргеніміз абзал. Сіздердің театр алдағы уақытта біздің елге тағы жаңа қойылыммен келіп, бізді қуантады, деп сенемін.

Айта кетейік, келесі жылы Беларусь үлкен театрына 90 жыл толады. Ұлы Отан соғысы жылдары ғимаратқа бомба түсіп, көрермендер залы қираған. Кейіннен, басты сәулеттік ерекшелігі сақтала отырып, қайта жөндеуден өткен.  Оның сахнасында әлемге танымал талай саңлақтар өнер көрсетті. Минск халықаралық Рождестволық опера форумы да осы театрда өтеді. Дәстүрлі шараға Қазақстанның өнер ұжымы да қатысты.

Минск халықаралық Рождестволық опера форумы аясында «Астана Опера» опера және балет театры  арнайы дипломмен марапатталды. Осымен театр биылғы турды аяқтайды. Ал, жаңа жыл қарсаңында Елорда мен қала қонақтарына, жаңа қойылым Балнұр Қыдырбектің «Қалқаман – Мамыр» спектаклін ұсынады.   

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев