Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші мен саябағы ашылды

Анадолыда ұлт ұстазы ұлықталып, саябақтарының біріне Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Ескерткіші бой көтерді.

Анкарадағы салтанатты рәсімге түріктің қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Саябақтың аумағы 8 мың шаршы метр, оған 150-ден астам ағаш егілген. Тұрғындардың демалуына да бар жағдай жасалған. Саябақ пен ескерткіштің ашылуы Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, Астана әкімдігі мен Етимесгут муниципалитетінің ұйытқысымен жүзеге асты.

Еркебұлан Сәпиев, ҚР Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың ескерткішін тұңғыш рет Түркия елінің елордасы әрі бас қаласы Анкарада ашып отырмыз. Меніңше, осындай әр елдің Түркияның, Қазақстанның, әр халықтың үлкен тумаларға осындай ескерткіштің ашылуы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлкен үлес қосады.

Есет Байкен, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

- Кез келген мемлекеттің тарихында ізі өшпес тарихи тұлғалар бар. Олардың атқарған қызметтерін, сіңірген еңбектерін бағалай білу және соны жан-жақты дәріптеу - біздің парызымыз. Осы бастаманы қолдап, іске асыруға көмектескен Түркия еліне зор ризашылығымызды білдіреміз.

Түркі дүниесінде ағартушыларды насихаттап, олардың пікірін дәріптеу маңызды. Бұл екі ел тұрғындарының одан әрі жақындауына алып келетін бірден-бір жол деп есептейді Этимесгут муниципалитеті басшысы Энвер Демирел.

Энвер Демирел, Этимесгут муниципалитетінің мэрі:

-     Ахмет Байтұрсынұлы - тек қазақтың емес, күллі түркі жұртының ортақ тұлғасы. Түркі дүниесінде ағартушыларды таныту және олардың пікірін дәріптеу маңызды әрі халықтарымыздың одан әрі жақындауына алып келетін берден-бір жол. Осы себепті жергілікті әкімшілік ретінде туыстас жұрттардың ардақтыларының есімдерін көше, даңғыл және сабақтарға беріп, ескерткіштерін жасауға тырысамыз. Мәселен, Абай Құнанбай, Тәттімбет, Дина Нұрпейсова секілді қазақтың біртуар тұлғаларының есімдерімен мәдени нысандарымыз бар.

Ахмет Байтұрсынұлын бейнелеген мүсіннің авторлары Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов. Ескерткіштің биіктігі 2,5, тұғыры 1,5 метр. Ұйымдастырушылар ұлт ұстазының мүсінін ондаған ұсыныстың ішінен таңдапты. Авторлар туындыны тегін жасаған. "Бұл - Алаш арысының алдындағы борышымыз", - дейді шеберлер.

Тимур Ермұхаметов, мүсінші:

-     Түрік бауырларымызбен бірге екі-үш айдың арасында жасалған жұмыс. Бұл жаңа технологиялармен, 3D-мен жасалған. Бұл технологиямен алғаш рет жасап отырмыз. Шетелге автор ретінде жасаған бірінші жұмысымыз.

Айдос Бүркітбаев, мүсінші:

-     Ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін жасап, орнату біз үшін үлкен мәртебе және екі елдің бірлігі деп білемін. Осындай жұмыс жасағанымызға өте қуаныштымыз.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы Түркияда кең көлемде атап өтілді. Ұлт көшбасшысының өмірі мен шығармашылығына арналған конференциялар өтіп, бірнеше кітабы түрік тіліне аударылды.