Қазақ телевизиясына 65 жыл толды

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде «Қазақ телевизиясының 65 жылдығы: таспадағы тарих» атты көрме ашылды.

Болашағын журналистикамен байланыстыратын жас өрендер осы көрмеге арнайы келіп телевизия тарихымен жақынырақ танысты. 1958 жылы 8 наурыз күні Алматы студиясы арқылы алғашқы сигнал бүкіл елге хабар таратты. Осылайша көрермендер ел өмірі туралы мәліметті экраннан көруге мүмкіндік алды. Көрмеге жазу машинкаларының, телефон және телеграф, теле, радиоқабылдағыш құрылғыларының алғашқы үлгілерімен қатар қолданыстағы заманауи түрлері де көрсетілді. Жиында Қазақ телевизиясының өткені мен бүгіні туралы қысқаша бейнеролик көрсетіліп, осы салада бірнеше жыл бойы еңбек еткен ардагерлер әсерлі естеліктерімен бөлісті.

Төлеубай Қаймолдинов, қазақ телевизиясының ардагері:

- Қазіргі теледидрда істеп жүрген азаматтар мен азаматшалар, техниканың дамыған кезі бұлар бақытты ғой деп есептейміз. Өйткені біз кейде пленкаға түсірген материалды 10 минутқа түсіріп келетіндей жағдай болса оны 30 секундқа түсіру керек, немесе 1 минут 30 секундқа түсіру керек. Бұл өте қиын шаруа болатын. Оны іріктеп алу, оны кәдімгідей екшеу, текстке қарай оны реттеу оның барлығы деген көлемді еңбекті қажет ететін еді.