Алматыда тәттілер көрмесі ашылды

Алматыдағы Орталық мұражайда ең дәмді көрме ашылды. «Торт музейі» көрмесіне отандық  кондитер-дизайнерлердің эксклюзивті еңбектері қойылған. Онда ертегі кейіпкерлері, ойыншықтар және ұлттық бұйымдардың пішінінде пісірілген бәліштерді тамашалап қана қоймай, дәмін татуға да болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бағзы заманда өмір сүрген динозаврлар, қазақтың киіз үйі мен мультфильм кейіпкерлері. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Торт музейі» көрмесіне осындай бірегей тәттілер қойылған. Әдемілігі сондай, көздің жауын алады. Іс-шара 2 апта өтеді. Кондитерлер 40-тан аса торт дайындапты. Әртүрлі пішіндегі тәтті тағамдарды тұрғындар тамашалап қана қоймай, пайдаланылған қоспалардың дәмін тата алады.

Сымбат Жұмәділова, экскурсовод:

- Көрме барысында біздің танымдық экскурсия өтеді және де осы торт жайында неше түрлі қызықты мағлұматтар алып қана қоймай, онымен қоса интерактивті ойындарға да қатысады. Осы көрмеде біздің барлық келушілерге фотоаймақ, ойын аймағы және дәм тату, шеберлік сыныптары бар.

Лингвистер торттың шығу тарихын италия тіліндегі «torta» сөзімен байланыстырады. Яғни, «домалақ нан» дегенді білдіреді. Кондитерлік өнімнің прототипі осыдан 2 мың жыл бұрын Италияда пайда болды дейді. Ал кейбір зерттеушілер тортты алғаш рет гректер қолданды деген пікірде. Бір анығы, қазір тортсыз ешқандай мереке өтпейді. Көрмеге келген тұрғындар эксклюзивті торттарды көріп, таңданыстарын жасыра алмады.

Бақыт Бердібекова, қала тұрғыны:

- Бұл жерде әр торттың істелуіне, жасаған кісілердің фантазиясына мен таңғалып тұрмын. Негізінде өзім де осындай үйде бір мезгіл немерелеріме торт жасаймын. Сондықтан осы жерден көріп, өзіме қаншама әсер алдым. Үйге барып, жасап көргім келіп тұр енді.

 «Торт музейі» көрмесі 16 наурызға дейін жалғасады. Іс-шараның мақсаты – отандық кондитер-дизайнерлердің эксклюзивті жобаларын таныстыру. Кондитерлік салаға қызығушылар шеберлік сабақтарына қатысып, әдемі торт пісіруді үйрене алады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев.