«Тақия: Қыздардың ойында не бар?" фильмі экранға шықты

«Тақия: Қыздардың ойында не бар?». Алматыда осылай аталатын жаңа романтикалық комедияның премьерасы өтті. Туындыда жас жұбайлар арасындағы отбасылық тіршілік пен ата мен немеренің байланысы әзіл-қалжыңмен, астарлы оймен жеткізіледі. Жаңа картинаның премьерасы Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында өтті.

Премьераға түсіру тобы мен актерлер, кино саласының өкілдері жиналды. Тіпті дизайнер Салтанат Омарқұлова тақиялардың көрмесін өткізді. Өмірде «тұзы жеңіл» екі жігіт болса, соның бірі – Еркін.

Жақсы жұмыс табылмай, сергелдеңге түседі. Бірде қала қызы Жанарды кезіктіріп, көңілдері жарасып, шаңырақ көтереді. Бірақ отбасылық өмір олар ойлағандай жеңіл болмайды.

Мәриям Сатай, актриса:

- Менің кейіпкерімнен әрбір әйел өзінің бір мінезін көре алады. Жүкті келіншектің еркелігін, құбылмалы көңіл-күйін жеткізе білдім деп ойлаймын. Ашуға бұлыққан әйелдің күйеуімен ұрсысуы да әдемі әзілмен көрсетіледі.

Еркіннің атасы екі жастың шаңырағы шайқалмасын деген ниетпен ауылдан келіп, дәнекер болады. Немересіне көне тақияны сыйға тартады. Тақияның сиқыры барын Еркін кейін біледі.

Комедияның сценариін Майра Фазыл мен Ілияс Қыдырбаев жазған. Бұл Tiger Films компаниясының 12-ші толықметражды фильмі екен.  

Ернат Байұзақ, фильмнің режиссері:

- Қыздардың ойын оқу арқылы өзінің әйеліне көңіл бөлмей қалады да, сөйтіп, әйелі кетіп қалады. Қайтадан барып кешірім сұрайды. Сондай бір комедияға құрылған. Былай айтқанда, бүкіл көрерменге арналған, жалпы көрерменге арналған фильм.

Еркін сиқырлы тақияны дұрыс пайдалана ала ма? Оның жауабын фильмді көрген соң біле аласыздар. Картина 16 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сұлтан Бейсекенов.