ЮНЕСКО штаб-пәтері «Ұлы Жібек жолы» бағдарламасының 35 жылдығын атап өтті

ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері Ұлы Жібек жолы бағдарламасының 35 жылдығын атап өтті.

Халықаралық жобаның алдағы жылдары аясы кеңеймек. Бұл Қазақстандағы кейбір тарихи аймақтардың халықаралық қорғауға алынатынын білдіреді. 

Ұлы Жібек жолы бағдарламасы - ең ірі халықаралық мәдени бастаманың бірі. Осыдан 35 жыл бұрын іске қосылған  жобаға кезінде Шығыс пен Батысты байланыстырған әйгілі сауда бағытының бойында орналасқан 16 ел мүше.

Габриэла Рамос, ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары:

-  Біз дағдарыстар дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Адамзат соғысқа, қақтығыстарға, нәсілшілдікке тап болды. Бейбітшілік, достық, өзара түсіністік пен ынтымақтастық Ұлы Жібек жолының басты мақсаты болған деп санаймын. Елдердің бір-біріне көмектесіп, тәжірибе алмасып, бір-бірінен үйреніп жатқаны қуантады.

Қазақстан Жібек жолы бағдарламасының ең белсенді қатысушысының бірі. Біздің еліміздің бастамасымен Ферғана мен Сырдария арқылы өткен ежелгі маршруттың бір бөлігі адамзаттың материалдық емес мұралары тізіміне енбек. Қырғызстан және Өзбекстанмен біріккен ғылыми зерттеулер бастамасына түрткі болды. Сондай-ақ ежелгі қазақ қалашықтарын ЮНЕСКО-ның қорғауына орналастыруға мүмкіндік берді.

Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Жобаның экономикалық оң тұстары да бар. Аймаққа қатысты туристік ағынының едәуір артатыны анық. Бұл біз үшін ерекше құрмет. Елдеріміздің бірлескен күш-жігері мен ЮНЕСКО-ны одан әрі қолдаудың маңыздылығын тағы да атап өткім келеді. Осындай жобалар мен сындарлы диалог елдеріміз арасындағы жаңа мәдени және экономикалық байланысты дамытуға ықпал ететініне сенімдімін.

ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде осы маңызды мерейтойдың құрметіне ғылыми конференция, көрме және мерекелік концерт өтті. Ұлы Жібек жолының мәдени мұрасын еліміздің Тұран этнофольклорлық ансамблі шетелдіктерге түркі әуені арқылы жеткізуге тырысты. 

Сымбат Ғалымжанқызы, Әлия Сыздықова