Семейдегі музей қорына 3000-ға жуық құнды жәдігер тапсырылды

Саятшылық өнер сақ заманынан басталуы мүмкін. Абай облысы Аягөз ауданы аумағындағы Бозай қорымын зерттеген ғалымдар осылай деді.

«Алтай» экспедициясы былтыр қазба жұмысы барысында біздің заманымызға дейін VIII-IX ғасырда өмір сүрген сақ ақсүйегінің қорғанын тапты. Тоналған қорымнан аң стилінде бейнеленген алтын әшекейлердің қалдығы шыққан. Зерттеушілерді таңғалдырғаны, қыран құстың адаммен бірге жерленгені. Белгілі археолог Ғани Омаров 2982 дана құнды жәдігердің түпнұсқасын Семейдегі тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсырды.  

Ғани Омаров, «Алтай» археологиялық экспедициясының жетекшісі:

- Бұл жерден сәл де болса сақталған құстың сүйегі табылды. Мамандар зерттеу нәтижесінде бүркіт тұқымдас құс екенін анықтады. Мұндай құстардың табылуы сирек. Оның өзі саятшылық сол заманнан басталды ма деген ойға жетелейді.