«Әке» деректі фильмі көрерменге жол тартты

Елордада «Әке» деректі фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кинотуынды мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың мәселесі жайында. Онда аутизм диагнозы қойылған баланың өміріндегі әкенің рөлі мен кездесетін қиындықтар жайлы баяндалады. Соңғы кезде мүгедек балаларын тастап кететін әке көбейді, - дейді авторлар. Сондықтан бұл – қазіргі қоғамның өзекті түйткілі. Деректі фильмнің мақсаты – осы мүгедек бала тәрбиесіне қоғам мен мемлекеттің назарын аудару. Туынды әкелер күніне орай алғаш рет көрсетілді.

Руслан Қазыбаев, ерекше баланың әкесі:

- Бұл фильм менің өмірлік оқиғама негізделіп түсірілген. 2009 жылы ұлыма аутизм диагнозы қойылды. Содан бері өмірім түбегейлі өзгерді. Бұл фильмде аутизмі бар балалардың әкелері қандай жолдан өтетінін көрсетілген. Сонымен қатар туынды бірінші кезекте әкелерге жауапкершілікті ұмытпай, мүгедектігі бар балаларды тастамауға шақырады. Екіншіден, бұл қиындықты да бірге еңсеруге болатынын көрсетеді. Үшіншіден, мемелкет назарын ерекше балалардың күтіміне қатысты проблемаға аудартып, тек жәрдемақымен емес, жүйелі көмек көрсетуді үндейді.