Таласбек Әсемқұловтың шығармалары жарыққа шықты

Жазушы, күйші, кинодраматург Таласбек Әсемқұловтың шығармалар жинағы толықтырылып, жарыққа шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы оқырман жинақтың VI, VII, VIII томын қолға алды. Алғашқы 5 томдық осыдан 7 жыл бұрын басылған еді.

Таласбек Баймұхамедұлы санқырлы жан еді. Ол – әдебиет және музыка сыншысы, мифология, тарих және этнография зерттеушісі. Көзі тірісінде басылып шыққан «Талтүс» романы оқырманның ерекше ықыласына бөленді. Оның сценарийімен түсірілген «Біржан сал» мен «Құнанбай» фильмдері қазақ киносындағы сүбелі еңбек. Сондай-ақ ол – Байжігіт, Тәттімбет сияқты күйшілердің жолын қуған шертпе күй мектебінің өкілі. Өзі де күй шығарған.

Айта кетейік, 4 жылдан бері «Таласбек» сыйлығы жарияланып, ең үздік әдебиетшілерге жүлде тапсырылып келеді. Биылғы байқаудың қорытындысы 23 қыркүйекте анықталады. Оған қоса күйшілердің республикалық сайысы өтеді.    

Зира Наурызбай, мәдениеттанушы, Т. Әсемқұловтың жары:

- Қазақша берген сұхбаттары мен полемикалық мақалалар солар VI томға енді. VII том – орысша берген сұхбаттар, орысша жазған мақалалар. VIII том – ол Таласбектің алдыңғы томға сыймай қалған дүниелері. Ішінде «Астана-Алматы» деген киносценарийі, күнделіктерден үзінділер, кейбір мақалалар анау томдарға сыймай қалған. Қалған орынға Таласбек туралы жазылған,  таласбектану мақалалар, Таласбекке арнап жазған өлеңдер.