«Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» атты жаңа кітап жарық көрді

Туынды ақынның 165 жылдығына арналған дөңгелек үстел аясында оқырманға таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шығарма авторы Абай Шарапиевтің айтуынша, онда ғұламаның өмірі мен шығармашылығы жаңа қырынан баяндалады. Еңбек бұрын-сонды жарияланбаған деректерімен құнды. Мәселен, ойшылдың емшілік қасиеті болғанын көбі біле бермейді. Сондай-ақ көріпкелдігі туралы да осы жинақта жан-жақты айтылады.

Абай Шарапиев, кітап авторы:

- Мәшһүр бабамыздың өмір жолы, шығармашылығы – бәрі зерттеліп жатыр ғой. Ал бұл кісінің батагөйлігі, емшілігі, көріпкелділігі зерттелмей, кешеуілдеп шығып жатыр. Сондықтан мен осы кітапты бабамызды көрген, бірге болған, нақты батасын алып, бұл дүниеге, өмірге келген ақсақалдардың естелігін жинап, 2000 жылдан бастап қағазға түртіп жүрдім.