Алматыда «Балдырған» журналына аллея ашылды

Биыл «Балдырған» журналының жарық көргеніне 65 жыл толып отыр.

Басылымның мерейтойына орай Алматыдағы «Достық» саябағында «Балдырған» аллеясы ашылды. Бульварда гибускус тұқымдасына жататын жұпаргүл бұталары отырғызылды. Зиялы қауым өкілдері, қазақ басылымдарының қызметкерлері мен журнал ұжымы ағаш егу шарасына қатысты. Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев секілді қазақтың классик ақын-жазушылары басқарған бұл басылым өзінің кішкентай оқырмандарын қуантып келеді. Қазір балалар басылымы республикаға он мың данамен тарайды.

Дүйсен Мағлұмов, «Балдырған» журналының бас редакторы:

«Үлкен тәрбиелік мәні бар мәселе деп ойлаймыз. Балдырған журналының 65 жылдық тарихы өте зор. Мұзафар ағамыздан кейін Тұманбай ағамыз 25 жыл басқарған журнал. Сол кісілердің көзіндей, асыл сөзіндей журнал».

Думан Анаш, «Қазақ газеттері» серіктестігі басшысының орынбасары:

«Осы атаулы күнге орай біз Алматының ортасынан, Алатау баурайынан, Есентай өзенінің жағасынан сондай әдемі жерге осындай аллея отырғызып жатырмыз».