Түркістанда «Келіндер көтерілісі» спектаклі сахналанды

Түркістан музыкалық-драма театры жаңа қойылыммен толықты.

Театр өзінің  үшінші маусымын өзбектің көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» пьесасымен ашты. Бүгінгі заманға лайықталған спектакль көрермендерге қалай әсер етті? Қандай өзгешеліктер бар?

Бұған дейін әлемнің 14 елінің сахнасында қойылып, кино өндірісінде елеулі туындыға айналған «Келіндер көтерілісі» комедиясы 40 жыл өтсе де маңыздылығын жоймаған. Оны спектакль тамашалаған көрермендер де мойындады. Қойылым Түркістан музыкалық драма театры сахнасында заманауи келбетке ие болды. Әсіресе жастарға ерекше әсер сыйлады. 

Жанерке Бердіалиева, көрермен:

- Ең ерекшелік – балет көп жұмыс істейді екен. Жастардың барлығы бір-бірімен билеп, жақсы әзілдеп, бұл жерде көптеген мамандықты ауыстырған екен. Бұрынғы оқыған шығармадан бөлек, блогер деген түсініктерді қосқан. Менің ойымша қазіргі заман талалбына сай ең керемет қойылымдардың бірі деп ойлаймын. 

Төребек Байтасов, көрермен:

- Бұл спектакльдің ерекшелігі көбінесе Түркістанға тән диалекттер, сөздер, географиялық атаулар қойылған. Көптеген әулетте кездесетін адуынды ененің барлық отбасын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, шаңырақтың ұйытқысы болып тұрғанының әдемі көрінісі бар. Әркім кейіпкер ретінде өзін танып отыр. «Мынау біздің енемізге ұқсайды екен. Біздің апамызға ұқсайды екен. Ойбу мынау жеңгеміз ғой, мынау ағамыз ғой» деген сияқты. Бүгінгі қойылым көрерменнің ойынан шықты деп ойлаймын. 

Қойылымды сахналаған белігілі актер Дәурен Серғазин. Жас режиссер ежелден ауылы-аралас, қойы-қоралас жатқан бауырлас қазақ пен өзбектің ортақ құндылығын тиімді пайдаланып, жаңаша сипаттағы музыкалық дүние жасап шығарды. Комедияда тек ене мен келін арасындағы қарым-қатынас емес, жалпы қоғамдағы мәселелер де көрсетіледі. Мұнда рөлдерді театрдың жас әртістерімен қатар, еліміздің басқа театрларынан да шақырылған әртістер сомдайды. 

Дәурен Серғазин, қойылым режиссері:

- Бұл театр жас болғаннан кейін үлкен буын актерларды сырттан, кімнің қолы бос, кім осы рольге келеді деген актерларды шақырттық. 5-6 артист біздің Жастар театрынан өзімнің әріптестерім келді. Өйткені бұл труппамен бірінші рет. Сырттай таныс болғанмен бір сахынада ойнаған жоқпыз. Ең қиыны, бұл ескі комедия. Бұрын жазылған. Бұрынғы тақырыптар. Қазіргі жастар түсінбей қалатын көп жерін біз ауыстырып, бүгінгі күнге лайықтадық. 

Қойылымда адам баласының еркіндігі, таңдау құқығы, психологияның жедел даму әсері сияқты күнделікті өмірде кездесетін мәселелер негізге алынған. Астарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге қарық қыла отырып, терең ойға батырады. 

Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов