Бейжіңде қазақ киносының апталығы басталды

«Патриоттар уақыты» отандық экшн-фильмі Бейжіңде Қазақстан киносы апталығын ашты.

Іс-шара еліміздің Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етуі шеңберінде өтіп жатыр. Фильмнің сюжеті ұйымның негізгі міндеттері - терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы күресті бейнелейді. Жиында Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев пен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин болды. Қытайлық көрермендер «Томирис», «Біржан Сал», «Композитор» және «Мұзбалақ» секілді 7 отандық туындыны тамашалады. Іс-шара аясында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Қытай коммуникациялар университеті ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. «Қазақфильм» жергілікті бірнеше медиа корпорациямен фильмдер мен анимацияларды бірлесіп шығару туралы келісімге келді.

Ню Сыюань, XI'AN WUYI TIMES CULTURE MEDIA президенті:

-  Бүгін «Қазақфильммен» меморандумға қол қойдық. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Достықтың символындай бұл мультфильмді екі ел мәдениетінің, Ұлы Жібек жолының ерекшеліктерін тамаша үйлестіретін халықаралық жобаға айналдыра алатынымызға сенімдімін. Жыл соңына дейін біз сценарийді мақұлдап, жұмысқа кірісеміз.

Чжан Синь, SHANGHAI ART FAIR INTERNATIONAL EXHIBITION президенті:

- Бүгінгі іс-шара біздің күткенімізден де керемет өтті. Екі тарап бірлесіп, кино апталығын ұйымдастырып отырмыз. Биыл Қазақстан ШЫҰ-ға төраға. 2017 жылы да ұйымға төрағалық еткенде, Қазақстан Дүниежүзілік көрме өткізген еді. Сол кезде мен сіздердің елге алғаш рет бардым. Керемет әсердемін.