Мәдени мұра ерекше қорғалуы тиіс

Мемлекет тарапынан археологиялық нысандардың қорғалуын күшейтіп, заңға өзгеріс енгізу қажет.

Қоғам белсенділері осылай деп дабыл қағып жатыр. Жақында ғана олар Талдықорған маңындағы кен орнында тасқа қашалған суреттердің бар екенін анықтады. Жару жұмыстары кезінде олардың бүліне бастағанын айтып, мәселе көтерді.

Динара Бакирова кен қазылып жатқан жотада жүз шақты петроглиф бар деп есептейді. Қоғам белсендісі таулы аймақты тұман басып тұрса да, тасқа қашалған суреттердің бірнешеуін тауып көрсетті. «Тарихи ескерткіштің біразы бүлінді, жарылыс жалғасқан жағдайда түгелдей бұзылады», - дейді ол.

Динара Бакирова, қоғамдық ұйым жетекшісі:
- Археологтардың болжауынша петроглифтер ерте темір және қола дәуіріне жатады. Бұл жерде зерттеу жұмыстары жүргізілуі керек еді. Зерттеу жасалмаған соң диарид өндіруге рұқсат берілген. Бұл біздің бабаларымыздан қалған мұра болғандықтан қорғалуы тиіс.

Кәсіпорынға кен қазуға рұқсат ететін археологиялық сараптаманы «Қазархеология» серіктестігінің директоры Жұман Смаилов берген. Тарих ғылымының кандидаты 2021 жылы өндірістегілердің тапсырысымен арнайы экспедиция ұйымдастырыпты. Сол кезде жол бойындағы 32 обаны және аумақтағы петроглифтерді зерттеп шешім шығарған.

Жұман Смаилов, археолог:
- Ерекше деп айта алмаймын. Бұл көп кездесетін жеке дара текелердің суреттері. Бұлар өте көп кездеседі. Біз оны толық зерттедік. Суреті, сипаттамасы бәрі жазылған. Ол ғылымға жоғалған зат емес. Ол зат ғылыми айналымға кіреді. Біз осы аймақтың 250 ескерткішіне паспортын жасадық. Бәрін инспекцияға тапсырдық.

Ольга Гумирова, әуесқой археолог:
- Менің ойымша бірінші кезекте заңға өзгеріс енгізу арқылы, саланы ретке келтіру керек. Бұрын петроглифтер табылғаннан бастап, мемлекет қорғауына алынатын. Қазір олай емес. Заңды бұрыңғыдай ету қажет. Сонымен қатар, жеке және мемлекеттік археологиялық мекемелердің жұмысын қадағалайтын комитет құрылуы тиіс. Олардың лицензияны кері қайтаратын құзыреті болу керек.  

Диарид өндіріп жатқан облыс орталығындағы іргелі кәсіпорын. Тас үгітіп, бетон шығаратын мекемеде 700 адам жұмыс істейді. Олар он жыл бойы аталған аумақты игеруге рұқсат алған. Дау тудырған мәселеге қатысты тараптар ортақ мәмлеге келді. Әзірге ауызша келісім жасалды.

Қуаныш Сұлтанұлы, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы:
-Археололгиялық қазба жұмыстарымен айналысатын кісілер құжат әкеліп бергеннен кейін, сол құжат арқылы заңдастырылғаннан кейін, ол мәдениет министрлігі мен біздің облыс әкімдігімен бәрі келісілгеннен кейін ғана петроглифтерді кесіп, облыстық өлкетану музейіне немесе Тасбақа деген қазір қорғалып жатқан кешен бар. Соның жанына қоямыз ба, сол мәселені ақылдасатын боламыз деп шешім қабылдадық.  

Евгений Немытов, компаниялар тобының өндірістік директоры:
- Суреттері бар тастарды тиісті органдармен келісе отырып, өз қаражатымызға көшіруге дайынбыз. Сонымен қатар, Тасбақа тасының маңын абаттандырып, аталған аумақты қоршап, туристер отыратын орын жасауға әзірміз.    

Қоғам белсенділері бұл жерді Орта Азиядағы ең ірі «Ордакөл» петроглифтер кешенінің бір бөлігі деп біледі. Сондықтан тұтас аймақты тыңғылықты зерттеп, құжаттандыру қажет деп отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов