Театр костюмдері қалай тігіледі?

Елордадағы «Астана Опера» театрында түрлі қойылымдарға арналған 10 621 костюм бар.

Оның барлығын 21 тігінші тіккен. Бұған суретші, пішуші, технолог пен костюмерлердің еңбегін қосыңыз.

Кез келген сахналық қойылымның сәтті шығуы әртістердің шеберлігіне ғана емес, костюмдердің көркемдігіне де байланысты. Атам қазақ: Адам көркі - шүберек деп бекер айтпаса керек.

Айгүл Рыспаева «Астана Опера» театрында 10 жылдан бері еңбек етеді. Алғашында тігінші боп жұмысқа тұрған ол қазір білдей цех технологы. Әр әртістің сахнаға киіп шығар киімін ине-жібіне дейін өзі қадағалайды. Яғни суретшіден бастап, киімді пішуші мен тігінші арасындағы барлық жұмыс Айгүлдің мойнында. «Мұндағы бір күнім бір күніме ұқсамайды», - дейді ол.

Айгүл Рыспаева, «Астана Опера» театры тігін цехінің технологы:
- Енді өзімнің оқып бітіргенім киім дизайны болғандықтан, маған кішкене жақындау. Эскиз келгенде бірден айта аламын, мынау 18 ғасыр, 17 ғасыр, 18 ғасырдың басы мынау соңы деп. Біздің жоғарғы технологтар қанша мата кетінін бәрін есептейді. Әрбір костюмға жеке жеке махаббатымызды саламыз.

Театр қоржынында 22 опера мен 25 балет бар десек, костюм саны 10 600-ден асады. Оларды күтіп ұстау зор жауапкершілік. Бұл қызметті костюмерлік цехтағы 16 маман атқарады.

Айсұлу Әмірханова, «Астана Опера» театрының костюмерлік цех меңгерушісі:
- Сахнаның екі жағынан біз жедел жәрдем ретінде әртістердің жақсы орындап шыққанын, резинкасы түймелері түсіп қалмауын уайымдап, аяғымыздан тік тұрып, 3 сағат бойы қарап тұрамыз. Болғаннан кейін тер-тер қылып қоя салмаймыз. Бізде мысалы машинкаға сала салатын жейделер бар. Ал қолмен жуатынды қыздар өздері қолмен жуады.

Ал бұл - Дон Карлос спектакліндегі басты кейіпкер, Елизаветаның костюмі. Опера әншісі Майра Мұхамедқызына арнайы тігілген. Көздің жауын алатын көйлектің салмағы 15 келіден асады. Сондықтан оны сахнаға киіп шығып, ән айту да оңай шаруа емес.

Айгүл Рыспаева, «Астана Опера» театры тігін цехінің технологы:
- Ең ауыр салмақ үстіндегі корсет пен астындағы юбка. Сыртқы юбка формасын ұстап тұруы үшін астыңғы юбкасына көлденеңнен 4-5 қатардан темір тігіледі. Кренолин деп айтылады сол замандағыдай. Мына басты рөлдерде ойнайтын кейіпкерлерге 4-5 рет примерка жасаймыз. Әр детальдарын қарауға тырысамыз. Бір жарым екі айда тігілді.

Назерке Тоқжан, тілші:
- Ал бұл - Қыз Жібектің әйгілі сәукелесі. Салмағы кәдімгідей бар, шамамен 3 келідей екен. Моншақтары, күміс теңгелердің барлығын қолмен тігіп шыққан. Ол - сонысымен құнды. Бір бас киімді бастан-аяқ тігу үшін 1 ай уақыт кеткен.

Спектакльдің сәтті шығуы актердің шеберлігіне ғана емес, костюмнің әсемдігіне де байланысты. Қазір  «Біржан Сара», «Қыз Жібек» қойылымдарындағы ескі киімдер қайта тігіліп жатыр. Ал өнер шаңырағына келген көрермен әртістерді түстеп танығанмен, олардың образын ашқан киімнің кімнің қолынан шыққанын біле бермейді. Біздің бұл кейіпкерлеріміз өз өнерімен сахнаны байытып келеді. Өйткені олардың әрқайсының өн бойында ұлы өнерге деген үлкен махаббат бар. 

Авторы: Назерке Тоқжан

Биыл 2 млн қазақстандық театрға барды

Осы театр тақырыбына тұздық. Биыл елдегі театрларға 2 млн көрермен барған. Мұны Мәдениет және ақпарат министрлігі есептеп шықты. Бір жылда ел сахнасында қойылған спектакль саны 10 мыңнан асады. Соның 200-і премьера. Өнер ұжымдары он екі айда елі іші мен шетелге 800-ден аса гастролдік сапар жасаған.

Елімізде 9 млн оқырман бар

Ал 9 млн адам ұдайы кітап оқиды екен. Қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру - мемлекет алдындағы маңызды міндет. Айталық, кейінгі 5 жылда мемлекеттік тапсырыс аясында 4 жарым млн кітап басылған. Биыл отандық авторлардың 24 кітабы жарық көрді. Өңір-өңірде 11 мыңға жуық кітапхана оқырман игілігіне қызмет етуде. Ондағы барлық кітап қоры 328 млн данадан асады.

Халықаралық айтыс өтті

Өзбекстанда кейінгі 7 жылда алғаш рет халықаралық ақындар айтысы өтті. Жыр додасы жергілікті қазақ мәдени орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Айтулы аламанға қазақ пен қырғыздың арқалы ақындары жиналды. Ұзын ырғасы 10 жүйрік қатысқан айтыстың бас жүлдесіне 10 млн сом, яғни 400 мың теңге тігілді, ал жалпы жүлде қоры 1 млн теңгеге жуықтады.

Сөз құдіретін тереңінен түсінетін қазақ қашанда ұлттық құндылыққа бай. Қай жерде жүрсе де төл өнерден алыстаған емес. Мұны өзбекстандық қандастар әуелден ұқыпты ұстанып келеді.

Бұл кеште көрермен қыз бен жігіт, аға мен іні, қазақ пен қырғыз арасындағы әзілі жарасқан әдемі айтыстың куәсі болды. Достық һәм ынтымақ ұғымы кең насихатталып қана қоймай, ел мен жерде болып жатқан оқиғалар сұлу сөзбен cуреттелді.

Санабат Сапарбекова, Ташкент тұрғыны:
- Айтыс әдемі болып жатыр.
Бұдан артық болмайды. Бәріне рақмет. Жаңа жыл бәрімізге табыс әкелсін. Еліміз, жұртымыз тыныш болсын.

Ақындар айтысы 60 жылдан бері жергілікті телеарна эфирінен түспей келе жатқан «Замандас-Дидар» бағдарламасының мерейтойына орайластырылды. Шығармашылық ұжым Өзбекстанның түкпір-түкпірін аралап, қандастардың тыныс-тіршілігін баяндайды. Мәдениеті мен өнерінің дамып, ұрпақтан ұрпаққа мұра боп қалуына қосқан үлесі зор.

Анар Нәлібаева, «Замандас-Дидар» бағдарламасының аға редакторы:
- Көрші қонған ауыл ұя адамдарын құдайдай сыйлаған халықпыз.
Сол игі дәстүрдің жалғасына тағы куә болды. Қазақстан, Қырғызстанның өнер иелерін Өзбекстанның өнер иелерімен бірге достасып, бір-бірлерін қолдап, осы Замандас пен Дидарды жырлап жатыр. Бүгінгі күні Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы жетістіктің бәрі сыйластықтың арқасы.

Жыр бәйгесі 4 сағатқа созылды. Шешуші сында қазақстандық Нұрлан Есенқұлов пен өзбекстандық қандас Талғат Орынбеков кездесті. Ақындар елдік мәселелерді көтеріп, ұрымтал тұста бір-бірін сынап-мінеп те алды.

Тартысты өткен финалдың нәтижесінде бас бәйге Нұрланның еншісіне бұйырды. Ал Талғат бірінші орынға лайық деп танылды. Қырғызстан және Қарақалпақстан атынан сынға түскендер де жүлде еншілеп, еліне олжалы оралды.

Авторы: Рауан Мыңбаев

«Құстар қайтып келеді» мюзиклі сахналанды

Түркістанда алғаш рет «Құстар қайтып келеді» мюзиклі сахналанды. Шығарманың желісі, шетелде оқуда жүрген жастардың атамекеніне оралуы жайында. Ол кезде Түркістан қаласы облыс орталығына айналып үлгерген. Туған жеріне табан тіреген жастар төл мәдениетімізді дәріптейтін дәмхана ашуға бел буады. Жастық шаққа тән албырт сезім, көңілді әзіл мен әуезді әнге толы қойылым көпшілік көңілінен шықты. Жалпы өңірдегі 3 кәсіби театр ұжымы биыл 14 жаңа спектакль ұсынған.

Сержан Атиков, «Жаңа леп» ұжымының көркемдік жетекшісі:
- Түркістанда қайтадан қызмет жасап, руханиятта, өнерде, білім саласында жүрген жастарды көріп, мен ойладым. Бұлардың барлығы құстар секілді. Өйткені құстар береке бар жерге келеді. Құстар ашық аспан бар жерге келеді. «Құстар қайтып келеді» деген мюзикл қоюды шештік. Өйткені мына жаңадан жиналған ұжымның патенциялы, мүмкіндігі 20 мен 25 арасындағы қыздар жігіттер.