Атырауға қоныстанған шетелдік 20 шақты күй біледі

Атырауға Ұлыбританиядан көшіп келген Сабина Мастерс қазақтың төл өнеріне қызығушылық танытып, қазір домбыра тартуды үйренген, деп хабарлайды 24KZ.

Бүгінде 20-ға жуық күй біледі. Тіпті күйшілер конкурсына қатысып, арнайы жүлдеге де ие болған.

Сабина Мастерстің Атырауға көшіп келгеніне 5 жылға жуықтаған. Күйеуінің жұмыс бабына орай еліміздің батысына қоныстанған шетелдіктің төл өнерге деген ықыласы бөлек. Төкпе күйлерді де нақышына келтіріп орындайды.

Сабина Мастерс, Ұлыбритания азаматы:

- 2019 жылы Дина Нұрпейісова атындағы халық аспаптар оркестрінің концертіне бардым. Салтанатты іс-шарада домбыраның үнін естіп, қайран қалғанмын. Сол сәт жүрегіме ерекше әсер етті. Кейін домбыра тартуды үйренемін деп шештім. Мен – 4 баланың анасымын. Балаларымның да музыкаға қабілеті бар.

Сабина қазір 20 шақты күй біледі. Алдағы уақытта Құрманғазы мен Динаның, Дәулеткерейдің күйлерін толық меңгеруді мақсат еткен. Ұстазы Ерлан Сақтанов шетелдік шәкіртінің ынтасына риза. Аптасына 2-3 рет сабақ береді.

Ерлан Сақтанов, Д. Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының оқытушысы:

- Сабинамен алғаш кездескенде ол кісіні ойлағам, домбыраға тек жай ғана қызығушылығы болар деп. Бірақ уақыт өте келе, ол кісінің домбыраға деген өзінің көзқарасы, ұстанымы, жалпы меңгеруі мені таңғалдырды. Ол кісі әрбір күйдің тарихын білуге тырысады. Қазақтың салт-дәстүрі мен домбыра туралы мағлұматтарды әлеуметтік желіден іздеп жұмыстанады.

Сабина Мастерс жақында өзінің шығармашылық кешін берді. Өңірге белгілі өнер жұлдыздары өнерпаздың шашбауын көтеріп, қолдау көрсетті. Облыстағы түрлі күй сайыстарына да қатысып жүр. Қазақ тілін меңгеруді де қолға алған.

Сабина салауатты өмір салтын ұстанады. Күй сабағына велосипедімен келіп-кетеді. Қазақтың ұлттық өнеріне қызығып, тілін үйреніп жүрген шетелдік келіншектің әрекеті көпке үлгі екені ақиқат.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин.