Елімізде 44 мәдениет нысаны салынды

Былтыр елімізде 44 мәдениет нысаны салынып, 250-ден астам ғимарат күрделі жөндеуден өтті.

Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 45 пайызға өсті. Сондай-ақ соңғы 30 жылда алғаш «Халық әртісі» құрметті атағы 8 мәдениет қайраткеріне табысталды. Мәдениет және ақпарат министрі ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында осылай деді. Аида Балаеваның айтуынша, өткен жылғы меже орындалды. Енді алдағы міндетке кірісу керек. Биыл «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Қазір Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киноиндустриясына мемлекеттік қолдау көрсету жұмысы басталды. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмалары жүйелі іске асып жатыр, деді министр.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Көпшілік көкейінде жүрген сұрақ «Қазақфильмнің» қазіргі жай-күйі. Мен министр ретінде Қазақфильмнің халықаралық киноиндустриядағы бұрынғы даңқы мен статусын қайтаруға мүдделімін. Бұл біз үшін жауапты іс әрі қастерлі міндет. Бұған қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасы тиісті деңгейде жүзеге асуда. Кім қаншалықты Қазақфильмнің болашағына күмәнмен қараса да, біздің айтуымыз біреу – Қазақфильм қатардағы киностудия емес! Бұл біздің тарихымыз, біздің рухымыз, ұлттық киномыздың келешекке деген үкілі үміті.