Р. Әбдісағын Шотландия сахнасын бағындырды

Қазақстандық жас композитор Рахат-Би Әбдісағын еуропалықтарға Шотландияның ең танымал патшаларының бірі туралы «Брюс» операсын ұсынды, деп хабарлайды 24KZ.

Музыкалық шығарманың премьерасын ғалымдар, тарих профессорлары, өнер майталмандары мен Шотландия тұрғындары тамашалады.

Отандасымыз, сазгер-пианист Рахат-Би Әбдісағынның музыкалық кештері Шотландияның атақты 3 шіркеуінде өте жоғары деңгейде өтті. Халық сыймай қалған. Ол «Брюс» операсын Шотландия патшасы Роберт Брюстің 750 жылдығына арнады.

Майкл Браун, Сент-Эндрюс университетінің Шотландия тарихы профессоры:

- Осы опера арқылы «Брюс» дастанын басқаша сезіндім. Мен Роберт Брюс тұлғасын жан-жақты зерттеп келе жатқан адаммын. Көрермен тарихты әуен арқылы сезіне білді. Бұл мүлде жаңаша тәсіл.

Алан Риак, Глазго университетінің Шотландия әдебиеті бойынша профессоры:

- Бұл керемет. Қазақстандық композитор шотландиялықтар туралы музыка мен тарих үндескен тамаша шығарма жазды. Мұндай бұрын болған емес. Бұл туындының Шотландия мен Англия ғана емес, сондай-ақ Қазақстан, Еуропа, Таяу Шығыс немесе әлемнің кез келген жеріндегі барлық адам үшін пайдасы бар.

Жерлесіміз бұл шығарманы Шотландияның Корольдік консерватория мен Сент-Эндрюс университетіндегі докторлық зерттеуінің аясында жазып шыққан. Ол Джоно Барбурдың ортағасырлық шотланд тілінде жазған дастанына негізделген. Қойылымға Шотландияның Корольдік консерваториясының опера әншілері мен дирижёрлері қатысты.

Салли Мэпстоун, Сент-Эндрюс университетінің ректоры және вице-канцлері:

- Опера өткен шақ пен бүгінгі заманды әдемі қабыстыра білген. Әуезділік көрерменге ерекше ұнады деп ойлаймын. Мұндай әдемі әуенді бұрын-соңды естіп көрмеппін. Керемет әсер қалдырды.

Рахат-Би операны жазу барысында жергілікті жетекші тіл мамандары және тарихшылармен көп кеңескен. Жалпы отандасымыз – 150-ден астам музыкалық шығарманың авторы. Оның туындылары Еуропа, Азия және Американың танымал концерт залдарында орындалған. Жаңа опера 3 наурызда Роберт Брюстің өзі жерленген Данфермлин аббатығында көрермен назарына ұсынылмақ.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Жанна Құсайынова.