Павлодарда қыз-келіншектер ұршық иіруден жарысты

Павлодарда қыз-келіншектер ұршық иіруден сынға түсті.

Жүн түтіп, жіп иіріп, тоқыма тоқитын әжелеріміздің төл өнері қайта жанданды. Фестивальға қатысуға 90 адам өтініш беріпті. Бір жарым айға созылған іріктеу кезеңінен 35 қыз-келіншек шешуші байқауға жолдама алды.

Ұршық иіру ұмыт бола бастаған дәстүрлердің бірі. Еңбек құралы бүгінде музей жәдігеріне айналған.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Ұршық кезінде әр шаңырақтан табылатын маңызды бұйым болатын. Өйткені аналарымыз жүнді осылай өңдеп, түтіп, иіріп, өзіне, отбасына қажетті бұйымдарды қолымен тоқып алатын.

Байқауға облыстың барлық ауданынан қатысушылар келді. Шеберлер иірген жіпті қазылар алқасы мұқият тексерді. Жіп иіруге түйе, қой мен ешкінің жүнін пайдалануға болады. Бұл жерде сапаға жіті мән беріледі. Шарт бойынша қатысушылар үйден 200 грамм жіп иіріп ала келген. Ол байқауда иірген жіппен бірдей болуы керек.

Уәсилә Нұрмұхамбетова, қолданбалы өнер орталығының жетекшісі:

- Өздерімен дайын жүн алып келді. Өздері дайындаған, қақтаған, тазалаған, жуған. Осы жерде бір он бес минуттық мөлшерде сол жіпті иіріп шықты. Арнайы уақыт берілді. 200 грамм жіп әкелген себебі бұлар әкелген жүннің түсі мен оның құрылымы әкелген жүндерімен тепе-тең болғандай. Әділ-қазылар соған қарайды.

- Мынау екі қабаттан есіп әкелген. Мынаны екі қабаттағанда сәл осындай жіңішкелеу болады. 

Фестивальға қатысушылардың көбі ұршықты қолдан тастамайтын кәнігі шеберлер. Арасында қолөнерді табыс көзіне айналдырған апаларымыз да бар.

Зүкірия Әубәкір, қолөнер шебері:

- Кесте тігем, тоқыма тоқимын, сырмақ, төркөрпе тігем. Осы төркөрпелерді тігіп сатып, сонымен балаларыма көмек көрсетіп, өзіме де сөйтіп отырмын. 

Ал Баян Қосдәулетованың қолындағы ұршық әжесінен қалған екен. Жіп иіруді жастайынан меңгерген ол, ұлттық өнерді  дәріптеп  жүр.

Баян Қосдәулетова, қолөнер шебері:

- Мен өзім кішкентай кезімнен әжемнің жанында жүріп осылай ұршық иірдім. Содан дәстүрге айналдырып, әлі күнге дейін иіріп келе жатырмын. Өзімнің қыздарыма, немере, жиендеріме үйретіп жатырмын. Енді көп заттар жасаймын, сәлі де тоқимын. Түбіт те иіремін. 

«Ұршық фест» облыс аумағындағы қолөнер шеберлерінің басын қосқан әдемі мерекеге ұласты. Ұйымдастырушылар келешекте оны дәстүрге айналдырсақ дейді. Соңғы кезде табиғи материалдан қазақы нақышта жасалатын  бұйымдарға сұраныс көбейген. 

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков