Наурызды тойлаудың жаңа үлгісі қалыптасып келеді

Наурызды тойлаудың жаңа форматы қалыптасып жатыр.

Мейрамда ұмыт қалған дәстүрлерді жаңғырту маңызды. Тарихшылар мен этнографтар осылай дейді. Ертеде көшпенді қазақ мал-жанның, қыс мезгілінен аман шыққанына қуанып, көктемді жыл басы санаған. О заманда Ұлыстың ұлы күнін мерекелеу 8-9 күнге созылып, "Наурызнама" деп аталған. Ал қазір елімізде тарихи дәстүрлерді жаңғырта отырып, мейрамды тойлаудың жаңа бренді орнығып келеді. Ол халық арасындағы бірлікті нығайтады.

Наурыз әлемнің ең көне мейрамдарының бірі. Орталық Азия жұртшылығы оны 5 мың жыл бойы тойлап келеді. Парсы тілінен «нау – жаңа, руз – күн» деген ұғымды білдіреді екен. Сондықтан да бұл ай жыл басы саналған. Оны ата-бабамыз Жер-ананың бусанатын, еңбектенетін, қайырымдылық жасайтын, үлкеннің батасын алып, бір үйлесімге келетін кездің бастауы деп қабылдапты. Мерекеге орай арқаны кеңге жайған халық 30 күн ойын, 40 күн тойын жасаған.

Ұлан Үмітқалиев, тарих ғылымдарының докторы, этнолог:

- Ұлыстың ұлы күні дейді де, киіз үй тігіледі, соның ішінде тамақ ішіледі. Сосын қарын тойдырып бір ән айтылады, би биленеді. Ол негізінде архаикалық тұрғыда мұртты обаларда сосын Марғұланның, Ақселеудің жазбаларында, ғалымдардың еңбектерінде қыстың образы болған. Театрландырылған көрініс түрінде болған. Болды енді қысты біржолата қуып жібердік, енді жылылық орнайды деген сияқты. Күн әлсіреді деп, әр жерден оттар жағылатын болған.

Наурыз айы басталысымен адамдар бір-біріне қызғалдақ гүлін сыйлауды дәстүрге айналдырғаны дұрыс. Мұны 2016 жылы академик Ғарифолла Есім ұсынған. Араға 5 жыл салып, Мемлекет басшысы қырдың қызғалдағы – нағыз көктемнің нышаны деп, оны Ұлы даладағы Ұлыс күнінің басты белгісі ретінде бекіту шешімін қабылдады. Осылайша Наурыздың символы айқындалып, мерекеге жаңа леп берілді. Жалпы жер бетінде осыдан 10-15 миллион жыл бұрын пайда болған осы гүлдің отаны Қазақстан. Елде оның 38 түрі өседі.

Ғарифолла Есім, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы:

- Ең бірінші көктем болған соң символы гүл болу керек – қызғалдақ. Қызғалдақтар бірінші шығады ғой. Гүл деген енді гүлсіз болмайды ғой. Сондықтан гүл өсіруші адамдар Наурызға осы қызғалдақты молынан өсіруі керек. Біз оны молынан таратуымыз керек. Бір-бірімізге сыйлауымыз керек. 

Наурыз айы жаңа дәуренді айшықтайтын һәм өткенді саралап, бүгінгіні бағамдайтын кезең саналады. Уақыт өте мейрамның ақсап қалғаны белгілі. Дегенмен, тарихты қайта жаңғыртып, заман талабына сай үйлестіріп, оны жоғары деңгейде атап өту міндеті тұр. Биыл Наурызнама дәстүрі 14-і мен 23-і аралығында 10 күн бойы мерекеленеді. Әр күннің өз атауы мен бағыты бар. Көрісуден батау алған мейрам қайырымдылық, мәдениет және салт-дәстүр, шаңырақ, ұлттық киім, жаңару, ағаш егу, ұлттық спорт күндерімен жалғасады. Ал еліміз бойынша мерекелік концерттер әр өңірдің орталық алаңдарында болады. Мұндай жаңашылдық, бір жағынан, Ұлттық болмысты жоғалтпаудың бірден бір жолы.

Альмира Оразбай, Наурызбай Құрманғазы