Елімізде ұлттық қолөнерге сұраныс артты

Елімізде қазақы нақыштағы қолөнер туындыларына сұраныс артты, деп хабарлайды 24KZ.

Өңделген мал терісіне сурет салып, кәдесыйлар жасап жүрген Әбілхайыр Оразбахов осылай дейді. Этнодизайнер автоматты құрылғыларды пайдаланбай-ақ, әр бұйымды өз қолымен жасайды. Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген туындыларды шетелдіктер де сатып алып жатыр.

Бұл шеберханадағы туындылардың әрқайсысы қазақ тарихы мен мәдениетінен терең сыр шерткендей әсер қалдырады. Этнодизайнердің негізгі мақсаты да осы. Ол төл өнерді ұзақ жылдан бері насихаттап жүр. Кейінгі кездері қоғамда қолөнер туындыларына сұраныс арта бастағанын байқаған.

Әбілхайыр Оразбахов, қолөнер шебері, этнодизайнер:

- Бізде мұндай туындыларға сұраныс өте көп. Қазіргі кезде этнодизайн дамып жатыр, содан кейін интерьер, авторлық жұмыстар, авторлық жобалар, суретшінің өз қолынан алу қолтаңбаны, сол сияқты адамның сұраныстары енді-енді қалыптасып жатыр. Жіппен тіккеннен кейін бұларға пішін беру үшін құрылыс материалы, құмды алып, оны сулап, пішін береміз. Сөйтіп, оны кептіреміз. Кепкеннен кейін құмы алынады.

Шебер өңделген мал терісінен картина, кәдесый, тіпті мүсін де дайындайды. Көбіне ірі қара терісін қолданады. Өйткені қалың әрі сапалы, – дейді ол. Этнодизайнердің туындыларында қазақтың ою-өрнектерімен қоса, ежелгі балбалтас пен таңбалы тас үлгілері де көрініс тапқан.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл – үйге ілуге арналған кәдесый. Ірі қараның терісінен жасалған екен. Автор бұған жарты айдай уақыт жұмсаған. Мұнда қола дәуіріндегі түркілердің тасқа қашап салған суреті бейнеленген.

Рауза  Балмағамбет Астана шеберлері альянсының басшысы:

- Бұл мүсіндерді талай шетелдік көрмелерге республика бойынша, Астана қаласында өтетін іс-шаралардың бәріне қатыстырып, шеберлер Альянсымен бірігіп, талай көрмелерге шығып жүрміз. Сол кезде халықтың өзіміздің азаматтар, шетелдіктер – бәрі де осы мүсіндерге ерекше қызығушылық танытады.

Әбілхайыр Оразбахов әр бұйым үшін көз майын тауысып, ешқандай автоматты құрылғысыз-ақ өз қолымен жасайды. Ынта мен шынайы болмыс кез келген туындының мән-маңызын аша түседі, – дейді ол. Ұлттық құндылықты ұлықтаған шебер Еуразия дизайнерлері одағының мүшесі атанды. Ол қазақ өнерін әлемге кеңінен таныту үшін тер төгіп жүр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Өрден Жарқынұлы.