Түркістанда «Ұлттық киім – ұлттың айнасы» танымдық кеші өтті

Түркістанда «Ұлттық киім – ұлттың айнасы» атты рухани-танымдық кеш өтті.

Қалалық мәдениет үйі ұйымдастырған шарада қыз-келіншектер ұлттық нақыштағы заманауи киім үлгілерін көпшілікке таныстырды. Киімнің тарихы мен тігілу техникасы жайлы мағлұмат берді. Одан бөлек ақ жаулықты әжелер әрбір киім үлгісінің ерекшелігі туралы айтты. Шараның мақсаты заманауи сән үлгісі арқылы этникалық киімнің сан алуандығын көрсету, дейді ұйымдастырушылар. Ұлттық киімді дәріптеу өскелең ұрпақтың парызы. Себебі ұлттық киім қазақ халқының тарихы мен мәдениетінен, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінен сыр шертеді.

Әсиякүл Мұстафаева, қалалық әжелер алқасының мүшесі:

- Ұлттық киімді кию деген сөз – өзіміздің ұлтымыздың салт-дәстүрін сақтау деген сөз. Мысалы, кимешектің тарихы, бұған тағылған орамалдың өзі қазақ халқы көшпенді болды ғой. Соғыс кезінде жолда ауырып, босанып қалған келіндер болса, соларды орауға, жараланған жауынгерлерді байлауға арналған екен. Тарихында сондай. Міне осыны күнделікті өмірде пайдаланып, өзіміздің қазақ, ұлттық киіміміздің ешкімде жоқ киім екенін бүкіл әлемге танытсақ дейміз.