Франциядағы қандастарымыз ұлттық киім күнін ерекше атап өтті

Франциядағы қандастарымыз да ұлттық киім күнін ерекше атап өтті.

Парижде тұратын қазақ отбасының балалары мектепке ұлттық киім кисе, ата-аналары жұмысқа камзол, шапан киіп барды.

Париждегі қазақ отбасының шаңырағында бүгін ерекше күн. Отбасы мүшелерінің бәрі қазақша киініп, ерекше сәнденген. Асүйдегі қазанда буы бұрқырап қазы қайнап, бауырсақ исі аңқып, қазақылықтың лебі еседі.

Аяжан Мұхтар, дипломаттың қызы:

- Ол өте маңызды… Өйткені біз ұмытпау керекпіз. Өйткені біз бәріміз қазақпыз. Қазақтар осы мейрамда сондай көйлек кию керек. Дастархан жаю керек. Бауырсақ пісіру керек. Маған осы бәрі ұнайды.

Отанасы Нұрия үшін ұлттық құндылықты сақтап, оны дәріптеу мақтаныш әрі үлкен жауапкершілікпен пара-пар. Сондықтан ол, өзге елде жүріп, өз ұлтыңды ұмытпау әркез маңызды, - дейді.

Нұрия Сыдықова, дипломаттың жары:

- Біздің қазақи дәстүрлерімізді ұстану өте маңызды. Себебі біз балаларымызға да үйретеміз. Шет елде жүргендіктен ол нәрсе өте қатты сезіледі екен. Өзіңнің жұртыңды, еліңді бар екеніне мақтанады екенсің. Және балалармен біз үйде де, сыртта да қазақша сөйлесеміз. Себебі бұлар өздерінің қазақ екенін ұмытпауы тиіс. Өздерінің керемет кең байтақ жері бар екенін ұмытпауы керек. Елі бар екенін, Қазақстан деген.  

Қазақы ою-өрнекпен көмкерілген киім-кешектегі отбасы мүшелеріне көшеде кезіккен жергілікті тұрғындар таңдай қақпай, тамсанбай өте алмады. Қызыға қараған турист те көп. Ұлық мереке қарсаңындағы Наурызнаманың Ұлттық киім күні осылай Франция төрінде ұлықталды.

Фариза Жанғанаева, Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан