Сахна саңлақтарының кәсіби мерекесі күллі театрсүйер қауымға ортақ

Бүгін халықаралық театр күні.

Бұл датаның әлем күнтізбесінде пайда болғанына 60 жылдан асты.

Сахна саңлақтарының кәсіби мерекесі күллі театрсүйер қауымға ортақ. Біздің елде де мөлдір өнердің өрісін кеңейтіп жүрген ұжымдар аз емес. Тиісті министрліктің мәліметіне сүйенсек, республиканың әр аумағында ашылған театр саны қазір 67-ге жеткен. Оның 11-і республикалық, үшеуі «халықтық» мәртебе алды.

"Жастар" театры Астана әкімдігінің қолдауымен 2007 жылы құрылған. Содан бері мұнда талай талантты жас өнерін шыңдап, сахна киесін сезінді. Театр табалдырығын имене аттағандардың бірі - Әділ Ахметов. Қабілетімен қалың жұртшылықты баураған жас актер жұлдызын жаққан орта осы шаңырақ деп санайды.

Әділ Ахметов, "Жастар" театрының артисі:

- Бұрын сахнада 20 актер, ал көрермен саны 15 болғанда өнер көрсеткен кездер болды... Қазір жер мен көктей. 

Қазір мұнда Әділ секілді 60-қа жуық қыз-жігіт еңбек етеді. Олардың барлығын өнерге деген махаббат топтастырады. Ал сол кеудедегі отты өшірмей, жастарды шар болаттай шыңдап отыратын  белгілі режиссер - Нұрқанат Жақыпбай. Театр саңлағы ұжымның алдыңғы қатардан көрінуіне көп үлес қосты. Ұжымның 16 жылдың ішінде халықаралық 16 байқаудың бас жүлдесін қанжығасына байлауы - сірә, осыны аңғартса керек.

Азамат Есқұлов, "Жастар" театры директорының міндетін атқарушы:

- Біз "Жібек" спектаклімен Кореяға бардық. Біздің актерлар өздері билейді,өздері ән айтады, өздері ойнайды, бесапап. Бұлар робот па деп таң қалған. Бізде жанды дауыста бәрі. Жылына 3 спектакль премьера береміз. Бұйырса, Қырғызстанның халық жазушысы Қ. Иманәлиев бізге "Шоқан" шығармасын жазып жатыр. Осы жақында аяқталуы керек. Сол "Шоқан" спектаклін шығарамыз.

Театр деген көрінгеннің ермегі емес, үлкен еңбек. Еңбектің көркемі, дейді аға буын өкілдері.

Талғат Теменов, Қазақстанның халық артисі, режиссер:

- Бұл біздің руханиятымызға тікелей еңбек етіп жатқан сала. Оның үстіне театр ана тілінің, қазақ тілінің тал бесігі. Театрдың бүгінгі қоғамдағы миссиясы өте үлкен. Театр тілдің, болмаса жақсы сюжеттің арқау емес, театр сонымен қатар ол идеология. Сахнада әдет, ғұрып, тарих. музыка, біздің жауһарларымыздың барлығы сақталған және  халыққа бар болмысымен жар салатын мінбер ол сахна. 

Алғаш "Шыңғысхан" спектаклімен шымылдығы түрілген театр сахнасында осы кезге дейін 60-қа жуық шығарма қойылды. Әлі де патша көңіл көрерменді таңқалдыра бермек. Театрдың өнер өлкесін мойындатуына еліміздің түкпір-түкпірін аралап, гастрольдік сапар жасауы да үлкен серпін берді. Келер айда әртістер Өзбек еліне аттанады. Алатопылы ағайынға ұжым ең үздік деген 4 қойылымын ұсынады. Ал жазға салым труппа Түркиядағы өнер фестивалінде бақ сынайды.

Назерке Тоқжан, Ербол Дайыров