Қазақстанның Қытайдағы туризмі жылы ресми ашылды

Бүгін Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылы ресми ашылды. Іс-шара Бейжіңнің қақ ортасында, China National Opera House мәдениет үйінде ұйымдастырылды.

Дәл қазір өтіп жатқан салтанатты рәсімнен көрші елдегі меншікті тілшіміз Руслан Бақытбекұлы тікелей байланысқа шықты.

Иә, туризм жылы ашылды. Дәл қазір Қытайдың Мәдениет және туризм министрі Сунь Ели мен Қазақстан Республикасы Үкімет басшысының орынбасары – Сыртқы істер министрі Нұртілеу Мұрат сөз алып, бұл жөнінде ресми жариялады.

Екі елдің өнерпаздары кезек-кезек өнер көрсетіп, ән мен күйден шашу шашып жатыр. Қазақстандық өнер ұжымдары бұған екі жарым айдан астам уақыт дайындалған. Халық әндері, қазақ брендіне айналған күйлеріміз күмбірледі.

Сонымен қатар China National Opera House алдында этноауыл жұмыс істеп тұр.

Ал кешелі бері Бейжіңде туризм саласында маңызды оннан астам келісім жасалды. Кәсіпкерлер мен инвесторлар бетпе-бет кездесіп, жоспарларымен бөлісті. Туристік әлеуетін бағамдады. Ұсыныс білдіріп, іскерлік байланыс орнатылды.

Қазір менің жанымда ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі Диас Ахметшәріп тұр.

Сұрап білейік. Туризм жылы не күтеміз? Биыл неге мән береміз? Қандай келісімдерге қол жеткізілді? Ең маңыздысын айтыңызшы?

Диас Ахметшәріп, ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі:

Иә, бүгінгідей іс-шаралар жыл бойы ұйымдастырылады. Оның басым көпшілігі Қытай елінің ең ірі шаһарларында өтеді. Биыл туризмді дамытуға бағытталған бас-аяғы 35 халықаралық деңгейдегі шара өткізу жоспарда.