Егіз елдің ақындары шығармашылық кеш өткізді

Егіз елдің ақыны.

Бүгін Астанадағы Достық үйінде қазақтың әйгілі ақыны Ұлықбек Есдәулет пен қырғыздың танымал жыр дүлділі Ақбар Рысқұловтың шығармашылық кеші өтті. Қос ақын кітаптарының тұсауы кесіліп, бауырлас халықтардың руханияттағы байланысы талқыланды.

Қазақ-қырғыз қатынасының қашан да жөні бөлек. Бауырлас халықпен байланысымыз барлық бағытта тығыз. Әсіресе, әдеби шығармашылықта сырлы сыйластық орнаған. Үзеңгілес қос ақын Ұлықбек Есдәулет пен Ақбар Рысқұловтың достығы екі ел әдебиетінің алтын көпірі іспеттес. Екеуі де екі елдің жазушылар одағын басқарып отыр.

Ақбар Рысқұлов, ақын, Қырғыз Республикасы Жазушылар одағының төрағасы:

- Менің ойымша бұл егіз елдің байланышын, адабиәттағы байланышын, поэзиядағы байланышын, доштығын дамыта түспеді. Өйткені Ұлықбек Есдәулетовпен біз жас кезде танышып, сол уақыттан бері біргә келе жатырмыз. Қырғыз елі оны жақсы біледі. Ұлықбек тауға да барған, көлге де барған, ойға да барған қырғыздың жерінде. Мен Қазақстанды тегіс араладым. Тағы бір себеп, мен дипломат болып қырғыз елінің Қазақстандағы елшісі болғандағы тұшыма келді. Менің бақытыма ошылай келді, мен екі рет елшілік аштым.

Рас, Ақбар Рысқұлов Алматы мен Астанада екі бірдей елшіліктің ашылуына ұйытқы болған жан. Қазақтың елордасы Сарыарқа төріне ауысқан кезде, Ұлы көшті қоштап келген. Қазақтың аспан түстес байрағы мен қырғыздың қырмызы қызыл туы Сарыарқаның төрінде бір күнде көтерілгеніне куә болғанын айтады. 

Ұлықбек Есдәулет, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: 

- Шынын айтқанда, мынадай бір тосын жағдайлар болмаса, тасқын болмаса, кең, үлкен деңгейде өткізуге болар еді. Халық шынын айтқанда тойлайтын да кез емес. Дегенмен мынау қырғыз халқының Атырауға барған, тасқынға көмектескен гуманитарлық көмектерінің өзіне қандай қуанып қалдық шынын айтқанда. «Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді»  дейді ғой. Осындайда берген көмегі еліміздің жүрегін тебірентті деп айтар едім. 

Осындай әдеби-мәдени байланыс қос ел үшін де рухани демеу әрі кейінгі ұрпаққа үлгі болары анық. 

Бақыт Топтаева, Нұрғали Мамурбаев