Калифорнияда қазақ балабақшасы ашылды

АҚШ-тың ең ірі штаты саналатын Калифорнияда алғашқы қазақ балабақшасы ашылды, деп хабарлайды 24KZ.

Кремний алқабында тұрып жатқан жерлестеріміз үшін бүлдіршіндерін ана тілінде салт-дәстүрмен тәрбиелеп өсіруге керемет мүмкіндік пайда болды.

Киіз үй, құрақ көрпе, ұлттық киім. «Айналайын» деп аталған балабақшаның ауласынан бастап-ақ қазақтың иісі аңқып тұр. Бүлдіршіндер наурыз көженің дайындалуын көріп, ұлттық тағамдарды аттарын айтып, үйреніп жатыр. Калифорниядағы қандастарымыз балаларына ұлттық құндылықтарды дарытуды мақсат еткен балабақшаның ашылуын осылай ерекше атап өтті.

Пернехан Өтемұратов, ата-ана:

- Барлығы күшті екен. Ең бастысы – қазақы тәрбие. Қазақы тәрбие дегеніміз баланы өте нәзік, алақанында ұстап өсіреді. Әжеміздің тәрбиесін көрсеңіздер, тура сондай тәрбие алып жатырмыз деп ойлаймыз.

«Айналайын» балабақшасы ашылған Саннивейл қаласы Кремний алқабына кіреді. Мұндағы қандастарымыз негізінен ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істейді. Уақыттарының дені қызметте өтетін ата-аналар үшін бала бойына ұлттық болмысты сіңіру жағы кенжелеп жатады. Осыған алаңдаған Жанна Атабекова Қазақстаннан арнайы білім алып, қазақы тәрбие орталығын ашуға бел буған.

Жанна Атабекова, балабақша жетекшісі:

- Керек сабақтарды алып, тест тапсырып, аяғында балалар психологиясы мамандығы дипломын алдым.

Әлия Мусина, ата-ана:

- Бұл біз үшін өте маңызды. Тілімізді сақтау үшін. Кіші қызым Асима 18 айға толып жатыр. Қазақша тілі шықсын деп балабақшаға беретін себебім – осы.

Жаңа бала бақшаға қазақтардан басқа, қырғыз отбасылары да бүлдіршіндерін әкелген. Тіпті бір америкалық отбасынан да баласын беру туралы өтініш түсіпті.

Авторы: Айжан Сыдықова.