Месси отанында қазақ мәдениеті орталығы жұмыс істейді

Аргентина дегенде алдымен есіңізге не түседі?

Ыстық сезімге толы танго? Атақты теңбілдоп шебері Марадона? Жоқ, әлде бүгінгінің аңызы Лионель Месси ме? Ал дәл сол Месси дүниеге келген Росарио қаласында көк байрағымыз желбіреген Қазақ мәдениет орталығы барын білесіз бе

Аргентинаның Буэнос-Айрестен кейінгі екінші ірі қаласында мәдени қара шаңырағымыз 8 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Оны ашқан Алматының тумасы Ирина Вагнер.

Осыдан 15 жыл бұрын елден Оңтүстік Америкаға қоныс аударған отандасымыз төл мәдениетімізді сол жақта дәріптеп жүр.

Ирина Вагнер, Қазақ мәдениеті орталығының директоры:

- Бұл орталықты ашуыма Отаным Қазақстанға деген сағынышым себеп болды. Аргентинаға көшіп келгеннен кейін туған жерімді ойлаумен, айналамдағыларға елім туралы айтумен болдым. 12 жыл бұрын мұнда Қазақстан жайлы көп біле бермейтін. Туған жерімді барынша танытқым келді.

Содан Қазақстанның Бразилиядағы елшілігімен бірлесіп, жұбайы Густаво Гутьерезбен Росариода Қазақ мәдениет орталығын ашады. Аргентина аумағында елшілігіміздің жоқ екенін ескерсек, Ирина жүргізіп отырған ұйым біздің елді танудың тікелей қақпасына айналғанына көзіңіз жетеді.

Ирина Вагнер, Қазақ мәдениеті орталығының директоры:

-Орталығымызда қазақ тілі сабақтарын да өткіземіз. Қашықтан үйрететін мұғаліммен келісіп, бастапқы деңгейлердің дәрістерін ұйымдастырдық. Аргентинада қазақ тіліне қызығушылардың қатары Димаш Құдайбергеннің арқасында кейінгі жылдары күрт артты. Оған қоса ұлттық дәм ұсынатын кештерді де ұйымдастырамыз. Қазақтың тағамдарынан ауыз тисем деушілердің қарасы қалың.

Флавиа Альтамирано, Аргентина азаматы:

-Сәлеметсіз бе! Менің аты-жөнім Флавия Альтамирано. Танысқаныма қуаныштымын! Мен Росарио қаласында, Аргентинада тұрамын. Оған қоса Аргентинадағы Димаштың жанкүйерлері клубының парақшасын жүргіземін. 2019 жылы Қазақстан мәдениет орталығына барып, Димаш сияқты қазақша ән шырқап, оның елі жайлы көбірек білгіміз келетінін айтып, тіл үйренуге қолқа салдық. Өтінішімізді жерге қалдырмай, курс ұйымдастырып берді. Тілмен қатар, қазақтың мәдениетімен, ұлттық тағамдарымен де таныстық. Былтыр ет асып, бауырсақ пен чак-чак жасауды үйрендік. Енді Димаштың өзі Аргентинаға келсе деген тілегіміз бар.

Аргентинада қазақтар тым аз көрінеді. Содан болу керек, Ирина мен жұбайы осы орталықты өз қаражаттарына дөңгелетіп отыр. Десе де тоқтап қалу ойларында жоқ, жоспары көп.

Ирина Вагнер, Қазақ мәдениеті орталығының директоры:

- Алдағы уақытта қазақтың ұлттық би топтарын құрғымыз келеді. Үйренеміз деп тілек білдіргендер бар. Енді оны қашықтан онлайн үйрететін мұғалім іздеп жатырмыз.  Қараша айындағы Ұлттар фестивалінде сол үйренген биімізді билеп, еліміздің атынан өнер көрсеткіміз келеді. Одан соң Аргентинадағы құрметті консулдықпен бірге Росарио қаласында алма пішіндес мүсін қоюды жүзеге асырғалы жатырмыз. Бұл бастамаларымызға Латын Америкасындағы Димаштың тыңдармандары да атсалысып жатыр. Мысалы, «Эра Димаш» атты радио арнасы әрдайым көмектесуге дайын. Бұл осы өңірдегі Димаш өнері үшін алғашқы болып ашылған радио.

Қазақтың атымен аталған радиодан бөлек, Росариода Парана өзенінің жағасындағы аллеяға «Қазақстан алаңы» деген атау берілген. Әуежайға бастайтын көшелердің бірі «Абай» атымен аталады. Тәуелсіздік күні мұндағы Байрақтар алаңында көк туымыз көтеріліп, тәулік бойы желбіреп тұрады. Ирина: «Енді испантілді азаматтарға арнап, қазақ тілін үйренетін оқулық басып шығарсам», – дейді. Қазақ киноларының апталығын да ұйымдастырмақ. 

Ердана Ержанұлы, Жандос Битабаров