Олар Астанадағы «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тәрбие алады. Көрмені өз көзімен көрген жас өскіндер керемет әсер алғандарын жасыра алмады. «Нұрлы жүрек» орталығының тәрбиеленушісі Алина Қасенова бүгін ерекше көңілді. ЕХРО-ға барамыз дегенді естігелі, көрмені көргенше тағат таппапты. Ол орталықтағы достарымен бірінші болып «Нұр әлем» павильонын тамашалады. Кадр сыртында бізге таңданысын жасырмай айтқан еді, камерадан қысылды ма, әйтеуір сұрағымызға қысқаша жауап қайырды. Алина Қасенова, «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушісі: - Маған өте ұнады. Мұнда бәрі керемет екен. Тағы да келгім келеді. Бүгінде «Нұрлы жүректе» 240-тан астам мүмкіндігі шектеулі бала тәрбие алып жатыр. Оларға әлеуметтік бейімдеу, медициналық, психологиялық және педагогикалық көмек көрсетіледі. Ал осы орталықтың балалары бүгін көрме алаңына тегін кірді. Құралай Қожамқұлова, «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары: - Кезекпен барлық баланы әкелуге тырысамыз. Олар осы күнді тағатсыздана күтті. Жүздерінен күлкі көресіздер. Балалардың барлығы барғысы келеді. Балаларға билетті тегін алдық. ЕХРО ұйымдастырушыларына хабарласып, олар мүгедектік анықтамасымен тегін билет берілетінін айтты. Ал осы орталықтың «күн баласы» Айдана Баубек ЕХРО қалашығына анасымен бірге келіпті. «Көрмеден көргенін ойға түйіп жүр», – дейді анасы. Айнұр Баубекова, қала тұрғыны: - Маған да, балама да қатты ұнады. Кіргеннен бәрін қызығып сұрап жүрді. Білгенімше айттым. Ұнады. Демалып қалдық. ЕХРО алаңын бүгін орталықтың 25 баласы аралап шықты. Сөзге шорқақ болғанымен, көздері сөйлеген балғындардың қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес. Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ерлан Наурызбаев