Астанада «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы» форумы өтті

Келесі жылы Астана EXPO 2017 көрмесінің аумағында Халықаралық жасыл технологиялар орталығы ашылады.

Бұл туралы «Жасыл экономика» және G-Global-ды дамыту коалициясының» төрайымы Салтанат Рахымбекова хабарлады. Оның айтуынша, қазір дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бүгін де форум аясында саланы дамытуға бағытталған бірқатар меморандумға қол қойылды.

Орталықты іске қосу үшін Қазақстанға әлемнің ең үздік технологиялары тартылады. Ал жобаны қаржыландыруға халықаралық ұйымдар мен жеке компаниялар инвестор ретінде шақырылады.

Салтанат Рахымбекова, «Жасыл экономика» және G-Global-ды дамыту коалициясының» төрайымы:

- Қаржы мәселелері қарастырылып жатыр. БҰҰ Қазақстандағы басшысы сөйлеген кезде қаражат жағын қарастырып жатырмыз, жан-жақты ұйымдастырып, 10-15 халықаралық ұйымдардың басын қосып, осы мәселені шешуді жоспарға алып отырмыз деп баяндамасында айтып кетті.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Орталықты ашу үшін тек қана халықаралық ұйымдарды ғана емес, кәсіпкерлерді де тартуды көздеп отырмыз. Қазір біздің өңірде жасыл технологияларды дамытуға ниеті бар бірнеше еуропалық және азиялық компаниямен келіссөздер жүріп жатыр. Жыл соңына дейін барлық қажетті құжаттарға қол қойылады деген сенім бар.

Алдағы 1 апта ішінде Энергетика министрлігі EXPO көрмесінде ұсынылған жобалар арасында іріктеу жүргізеді. Ол үшін арнайы сарапшылар тобы құрылды. Ең тиімді деп танылған үлгілерді үздік тәжірибелер алаңынан көруге болады.