USD 330.32 EUR 388.07 РУБ 5.6

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      


ОҚО-да «ЭтноАртФест» фестивалі басталды

  • 150
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
ОҚО-да «ЭтноАртФест» фестивалі басталды

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған белсенді жастар аймақтың тарихи әрі киелі жерлерімен танысып, замандастарымен бөлісуді ниет етіп отыр.

«Оңтүстік Қазақстан бойынша 100-ден астам тарихи орындар мен киелі жерлердің картасы түзілген. Қазақ даласындағы ежелгі замандардан сыр шететін осындай қасиетті мекендер мен жәдігерлер түбіміздің тереңде жатқанын аңғартады», дейді фестивальге арнайы келген жастар. Олар алдымен Шымкенттің іргесіндегі сансыз бабтар мекені Сайрамдағы тарихи орындарды аралады. Мұнда Қожа Ахмет Яссауидің ата-анасы Ибрагим ата мен Қарашаш ана жатыр.

Тоғжан Дәуітбаева, Қазақ Ұлттық географиялық қоғамының өкілі:

– Негізінде бұл жердің энергиясы басқаша, рухани орталыққа келгеніңді сезесің. Туристерді таң қалдыратын көп жерлер осында. Себебі ОҚО деген кезде ойға бірінші Түркістан келеді. Облыс жалпы рухани орталық ретінде қалыптасқан. Біз таудың да әсем табиғаты бар екенін көрсетеміз.

Шараның екінші кезеңінде қатысушылар Батыс Тянь-Шань тауының бір бөлігін алып жатқан «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық саябағына барды. Олар тау бөктеріне шатыр тігіп, тұмса табиғаты бар жердің саф ауасында демалды.

Алмат Сатыбалдин, фестиваль қатысушысы:

– Біз бүгін осы әдемі «Сайрам-Өгем» деген жерге келдік. Бұл қорғалатын аймақ. Осы жерде 5 күн тауға шығамыз.

Қатысушылар мемлекет қорғауындағы бұл таулы аймақтың шыңына шығып, «Бабалар алаңындағы» жартастарға салынған суреттерді тамашаламақ. Жас саяхатшылар әрі сирек кездесетін аң мен құстарды да көруге мүмкіндік алады. Экстремалды демалыс түрімен әуестенушілерді де қызықты сәттер күтіп тұр.

Нұрсұлтан Дүйсебаев, фестиваль қатысушысы:

Астанадан келіп отырмын. Бұл жер туралы бұрын білген емеспін. Осы тауларды аралап, суреттерімді достарыма көрсеткім келеді. Бұл жер өте әдемі.

«Фестивальдің негізгі мақсаты – жастар арқылы аймақтағы туристік нысандарды насихаттау», – дейді шараны ұйымдастырушы Қазақстан ұлттық географиялық қоғамының өкілдері.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top