ЕХРО көрмесінің жабылу салтанатына дайындық қызу жүріп жатыр

Еліміздің Ішкі істер министрлігі ЕХРО көрмесін тамашалағандарға алдағы демалыс күндері қала сыртында демалуға немесе шаһар ішінде жеке көлікпен жүрмеуге кеңес берді.

Өйткені халықаралық шараның жабылу салтанатына ондаған елдің басшылары келеді. Сәйкесінше жол қатынасы қиындауы мүмкін. Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Талғат Мұсахановтың айтуынша, тәртіп сақшылары қаланың қауіпсіздігін күзетуге тас түйін дайын. Тиісті оқу-жаттығулар жүргізіп, қажетті нұсқаулықтар берілген.

Айта кетейік, ЕХРО көрмесінің жабылу салтанаты 10 қыркүйекте өтеді. Негізгі мерекелік шаралар кешкі 18.00-ден бастап, түн ортасына дейін жалғасады. Сонымен қатар сол күні керемет от шашу болады деп күтілуде.

Талғат Мұсаханов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

- Алдағы демалыс күндері ЕХРО көрмесінің жабылу салтанатынан бөлек, халықаралық маңызы бар тағы бірқатар шара болады. Сондықтан тәртіп сақшылары қалада көлік кептелістерін болдырмауға және заң бұзушылықтарды алдын алуға барын салады. Қауіпсіздікті сақтауға қатысты нақты жоспар жасалды.