USD 331 EUR 392.65 РУБ 5.58

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      


СҚО-ның Саумалкөл ауылында өткен ғасырдан бері қаңыраған үйлер қалыпқа келтіріледі

  • 186
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
СҚО-ның Саумалкөл ауылында өткен ғасырдан бері қаңыраған үйлер қалыпқа келтіріледі

Солтүстік Қазақстан облысының Саумалкөл ауылында 30 жылға жуық уақыт қаңырап, бос тұрған көп қабатты тұрғын үйлер қалпына келтіріледі. Ескі ғимараттар жөнделіп, күйі кеткен ауылдан көшіп келген отбасыларға, жетімдер мен жас мамандарға үлестіріледі. Жергілікті билік көмегімен түтіні түзу шыққан үйдің іші де, оған кірген жанның жүзі де жылы болмақ.

Саумалкөл ауылындағы шағын аудан уран кеніші жұмысшыларына салынған. Сонау 90 жылдары көпқабатты тұрғын үйлер жарық, жылудан ажыратылып, тұрғындары тұрақтарын тастап кеткен. Енді олар қайта қалпына келтіріліп жатыр. 

Айдын Қазжанов, Айыртау ауданы әкімінің орынбасары: 

- Соңғы 5 жылда 3 көп қабатты тұрғын үй қалпына келтірілді. 180 отбасы қоныс тойын тойлады. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 1 млрд. теңгедей қаржы қарастырылды. Биыл тағы бір 80 пәтерлі үй жөнделіп жатыр. 

Шағын ауданда 15 көп қабатты тұрғын үй есік-терезесіз. Иелері болса да, қараусыз қалған. Бос баспаналарды қаңғыбастар паналап, жастар жүреді. Сондықтан жергілікті билік өкілдері тұрғындарды сотқа беріп, меншіктерін мемлекетке қайтармақ. 

Ақан Сексенбаев, Айыртау ауданы әкімдігінің заңгері:

- Ал қалған иесіз үйлермен сот арқылы тағы да жұмысымыз жалғастырып жатырмыз. Сотқа арыз жазамыз. Сот арқылы егер коммуналдық меншікке қабылданса, әрі қарай оны жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 

Кейбір тұрғындар 30 жыл тұрмайтын пәтерлерінен бас тартып отыр. Олар бұл баспаналарды «мәскеулік үйлер» деп атайды. Сол жылдары шағын аудандағы мектеп, балабақша, аурухананы да ресейліктер тұрғызған. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Мөлтек аудандағы мына бір мектеп те мәскеулік құрылысшылардың жобасы бойынша салынған. Бұл 80 – 90 – ыншы жылдар үшін теңдессіз ғимарат болып саналады. Білім ошағы әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. 

Шағын ауданға су тартылған. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жылу желісі жаңартылып жатыр. Жалпы Саумалкөл ауылында 1100 адам пәтер кезегінде тұр. Бос үйлер жөнделсе, олардың барлығы баспаналы болар еді.  

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев, Дмитрий Рура

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top