USD 340.71 EUR 404.90 РУБ 5.90

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      


«Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы латын әліпбиіне көшуді талқылады

  • 81
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
«Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы латын әліпбиіне көшуді талқылады

Жақын арада қазақ тіліндегі латын қаріптерінің емлесі жарық көреді. Бұл туралы бүгін елордада өткен демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысында айтылды. Жаңа әліпби мәселесі қаралған жиында диграфтардың дыбысталу ережесі де талқыланды.

Елдегі саяси партиялар мен азаматтық ұйым өкілдері қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесін осы келелі кеңеске арқау етті. Көп болып пішілген тон келте болмайды деген ұғымды ұстанған олар тың бастаманы жүйелі жүзеге асыру жолдарын талқылады. 

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Ұлт тағдырына қатысты кез келген мәселені он ойланып, жүз толғанып, өзіне ғана тән дархан даналықпен кемел шешім қабылдайтын Елбасымыз латын алфавитіне көшуге келгенде тағы да кемеңгерлік танытты. Бұл тек әліпби ауыстыру емес, бар қазақтың бойына ана сүті, әке тәрбиесімен даритын қазақ тілін заманаға сай жаңғыртудың кешенді жүйесін, дұрыс сөйлеу мен жазу мәдениетін қалыптастыру деп білемін. Ендеше латынға көшу Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғырудың» берік іргетасы деп білемін. 

Латын қарпінің тағы бір тиімді тұсы - жер жүзіне тарыдай шашылған қандастарымызды тарихи Отанына оралту және осында болып жатқан маңызды оқиғалардан хабардар ету. Сондықтан саяси жүйе өкілдері жаңа әліпбидің білім саласын дамытып қана қоймай, жоғалтқанымызды жаңғыртып, барымызды асыруға зор сеп болатынын айтады. 

Жамбыл Ахметбеков, ҚКХ партиясының хатшысы:

- Жеңіл оқылады екен. Мысалы үшін орыс тілінің сөздерінен латынға аударсаң, оны орыстар да қазақтар оқи алады. Сосын Әзербайжан, Түріктердің ұқсас болып келгеннен кейін, олардың тілін түсіне бастаймыз. 

Әли Бектаев, «Ауыл» ХДП партиясының төрағасы:

- Ауыл шаруашылығы технологияларды қолдану керек. Ол ақпараттық кеңістікті білу керек. олай болса, латын қарпі ауадай қажет. Ауыл тұрғындары үшін. 

Қазақ тіліндегі латын әліпбиін қалыптастыру ісі жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мамыр айында мамандар тарапынан оның 100-ге тарта нұсқасы ұсынылып, кейін біреуіне байланысты Парламентте нақты шешім шығарылған болатын. Дегенмен, қоғамдық ұсыныс-пікірлер ескерусіз қалмауы керек. Осы мақсатта, қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс таңбалап, диграфтарды жазу жайы жан-жақты талқыға салынатын болды. 

Жүнісбек Әлімхан, филология ғылымдарының докторы:

- Түсінбегенде не, оны қазіргі емлемен оқып отыр, АЕ  деп белгілесек,оның бір дыбыс екеніне мән беріп отырған жоқ, екі дыбыс қылып оқып, қазірге емлемен, енді кішкене шыдау керек, жақында жаңа емле жазылады, сонда түсінікті болады. Алыпқашты сұрақтар пікір болмайды. 

Жалпы қоғамның сан түрлі саласында латын қарпіне көшу бастамасы қолдау тауып келеді. Әсіресе медицина мамандары мен зиялы қауым өкілдері бұл маңызды міндет кемел келешекке жол ашады деген сенімде.  

Асылы Осман, «Мемлекеттік тілге құрмет» ҚБ төрайымы:

- Әлемдегі 80 пайызы осы латын әрпінің өздерінің тілінің табиғатына байланыстырып пайдаланады. Ол негізі ағылшын тілі. 

Осылайша, демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясында латын әліпбиіне көшу жүйесі жан-жақты пысықталды. Қатысушылар сүбелі ойларын ортаға салып, мүдделі тараптар пікірі міндетті түрде ескерілу қажеттігін айтты. Себебі латын қарпін қолдану заман талабы ғана емес, рухани жаңғырудың тиімді тәсілі. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ерлан Наурызбаев

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top