USD 340.71 EUR 404.90 РУБ 5.90

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      


Алматы облысы Қапал ауылындағы ХҚКО жабылып қалды

  • 55
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Алматы облысы Қапал ауылындағы ХҚКО жабылып қалды

Алматы облысының Қапал ауылындағы халыққа қызмет көрсету орталығы өз жұмысын тоқтатты. Жергілікті тұрғындар енді анықтама алып, құжат жасату үшін 130 шақырым қашықтықта орналасқан аудан орталығына баруы тиіс. «Бұл біз үшін өте тиімсіз», дейді ауыл халқы.

Қапал ауылы мен жанындағы ауылдық округтарда 10 мыңға жуық халық тұрады. Жақында бұл елді мекендегі 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан халыққа қызмет көрсету орталығы жабылып қалды. «Енді аудан орталығы Жансүгіровке баруға мәжбүр болып отырмыз. Такси жүргізушілері 130 шақырым жердегі Жансүгіровке барып қайту үшін 3 мың теңге алады. Бұл біз үшін тиімсіз», дейді қапалдықтар. 

Ержан Омарбеков, Қапал ауылының тұрғыны:

– Барлық жерде ХҚКО-ды дамытып жатыр ғой. Ал бізде керісінше жабылды. Соған халық наразы. 130 шақырым жерге қыста мүлдем бара алмайсың, үнемі жол жабық.

Біз осы мәселе бойынша облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының басшылығына хабарласып, түсініктеме беруін өтіндік. Директор ауыл халқының аудан орталығына сабылмайтынын, қажетті құжаттарын пошта қызметі арқылы да алуға болатынын жеткізді.

Самат Иманғалиев, облыстық ХҚКО директоры:

– Бүгінгі күнге дейін көрсетілетін қызметтің көп болмауына байланысты жабылып жатқан жоқ. Екі орында бірдей қызмет атқарылды, қызметті қайталап көрсеткеннен ешқандай пайда жоқ.

«Жергілікті билік пен Алматы облыстық халыққа қызмет көрсету орталығындағылар бұл мәселені шешуге қауқарсыз. Халықтың жағдайын жақсартудың орнына қиындатып жатыр. Сондықтан біз Мәжіліс пен Сенат депутаттарына хат жолдаймыз», дейді ауыл ақсақалдары.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top