USD 340.71 EUR 404.90 РУБ 5.90

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      


Парижде еліміздің жемқорлықпен күресте атқарған жұмысы таныстырылды

  • 59
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (1 Vote)
Парижде еліміздің жемқорлықпен күресте атқарған жұмысы таныстырылды

Парижде «Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жемқорлыққа қарсы жүйесінің» кезекті отырысы өтті. Оған әлем елдерінен білікті сарапшылар және азаматтық ұйым өкілдері қатысты.

Келелі кеңес барысында еліміздің жемқорлықпен күрес жөніндегі есебі тыңдалды. Және бұл саладағы жұмысты жүйелі жүзеге асыруға бағытталған Стамбұл жоспарының ұсыныстары қаралды.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі отырысында Қазақстанның осы бағытта атқарған жұмысы таныстырылды. Франция жеріне қазақстандық делегацияны бастап барған Мемлекеттік қызмет істері мен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев соңғы 3 жылдан бергі қарымды қарекеттерге тоқталды. Әсіресе бұл қылмыстың алдын алуға бағытталған жаңа заңнама мен тиімді жүйелерді өз сөзіне арқау етті. Ал халықаралық ұйым өкілдері Қазақстан тарапынан атқарылған ауқымды істерді жоғары бағалады.

 Алик Шпекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:

– Қазақстанның табыстарына негізгі себеп болған Елбасының саяси еркі мен бастамалары деп санаймын. Осы бастамалардың арасында жемқорлыққа қарсы тиімді заңдар қабылдануы мен парақорлықпен күресетін тәуелсіз органның құрылуын атап кету керек. Қазақстанда қоғам алдында есеп беретін ашық мемлекет орнағаны да маңызды. Бүгінгі күні біз Оңтүстік-Шығыс Азия елдері арасынан қызмет беруден, ал БҰҰ-да электронды үкімет индексі жөнінен көш бастап келеміз. Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша, қызметтердің 47 пайызы электронды түрде, ал 24 пайызы «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясының»  «бірыңғай терезесі» арқылы көрсетіледі. Мемлекеттік қызметтер саласында жемқорлық үштен екіге азайған. Бұл ең сыбайлас салалардың бірі болған еді.

Кездесу барысында еліміздің заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында жеткен жетістіктері паш етілді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тарапынан бұл ілкімді істерге де оң баға берілді. Себебі Қазақстан «сот тәуелсіздігі» жөніндегі халықаралық рейтингте жағдайын жақсартып, 43-сатыға жоғарылады. Ал дүниежүзілік банктің «келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз ету» санаты бойынша 27-сатыға көтерілді. Дегенмен ұйым сарапшыларын «Астана» Халықаралық қаржы орталығының аясында тәуелсіз қаржы сотын құру туралы бастама көбірек қызықтырды.    

 Энери Киньонес, жемқорлықпен күрес жөніндегі Ыстамбұл жоспары қызметінің төрағасы:

– Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсынымдарын орындау бағытында Қазақстан тарапынан оң үдеріс байқалады. Бұл елдің делегациясы әріптестікке әрқашан дайын екенін және тиімді жұмыс істейтінін көрсетті. Өйткені жемқорлықты жою үшін олар қарымды қарекет еткен. Дегенмен алда атқарылатын жұмыс аз емес. Қазақстанның мақсат-міндеттері айқын. Енді оларды жүйелі жүзеге асыру үшін саяси еркіндік қажет.

Дмытро Котляр, ЭЫДҰ Қазақстан бойынша мониторинг тобының басшысы:

– Жемқорлықпен күрес бағытында барлық салада ілгерілеушілік бар екен. Ол үшін жауапқа тарту жүйесі тиімді жұмыс істейтінін білдік. Бұл жұмысты қарқынды жүзеге асыруды қажет ететін бірқатар сала бар. Өйткені заңнамалар бірден тиімді нәтиже бере қоймайды. Жалпы бұл қылмыстың алдын алу бағытында айтарлықтай әрекет жасалғаны байқалып тұр.

Қазақстандық делегация өкілдері халықаралық ұйым ұсынған бастамалар елімізде алдағы уақытта да жүйелі жүзеге асатынын айтып, әріптестікті арттыруға уағдаласты.

 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top