USD 334.80 EUR 394.47 РУБ 5.80

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      


Ақтөбеліктер бейіттердің бизнес көзіне айналуына наразылық білдіруде

  • 127
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Ақтөбеліктер бейіттердің бизнес көзіне айналуына наразылық білдіруде

Ақтөбеде зиратқа арналған аумақ жеке компаниялардың қарауына өтіп кеткен.

Ал жергілікті халық бейіттердің бизнес көзіне айналуына қарсы. Ең қызығы, 50 мазардың аумағын бір компания арнайы тендер арқылы ұтып алып, ұлтарақтай жер үшін өз бағасын бекіткен. Дауға облыстық монополияға қарсы комитет мамандары араласып, нәтижесінде біраз былықтың бетін ашты.

Қалаға қарасты Қурайлы ауылының тұрғындары бейіттердің сенімгерлік басқаруға берілгеніне наразы. Бұрын ауыл ақсақалдары бірігіп, жерлеу рәсімін өздері атқара беретін. Бейіттің айналасын қоршап, тазалығын қадағалап отырады. Бұл жұмыстарға азын-аулақ ақша жиналатын. Енді бейіт бизнесін қолға алған компания заманауи қызмет түрлерін ұсынып, қабірдің өзін арнайы техникамен қазып бермек.

Бақытғали Жармұханов, Қурайлы ауылының тұрғыны:

- Ағайын-туыстары, бала-шағасы қазып, оны ақтық сапарға шығарып салмаса, мұсылманшылығымыз қайда? Осы қорымды өз күшімізбен қоршадық, оған адам қойдық. Дүңгіршек, құрал-сайман қоятын орын, бәрін істеп, өзіміз атқардық.

Тұрғындар жерлеу рәсімдері үшін компания бекіткен бағаның қымбат екенін айтады. Тұрмысы төмендерге 20-25 мың теңгеге шықса, қалғандарына 100 мың теңгеден асып жығылады. Ал қала әкімдігі: «Сенімгерлік басқаруға бергеннен ұтпасақ, ұтылмаймыз», – деп отыр. Бұрын бір бейітті ұстауға бюджеттен 25 млн теңге бөлінсе, енді қаржы үнемделеді екен әрі басқару компаниясы бейіттерге қатысты мәселелердің бәрін өздері шешеді.

Нағымжан Алдияров, қала әкімінің орынбасары:

- 5 жылға сенімгерлік басқаруға ұсынған болатынбыз. 6 лот бойынша конкурс жарияланып, сол 6 лотты да бір компания өз басқаруына алды. Ол компанияның әкімшілік алдында өз міндеттері бар. Алған 50 зиратты 5 жыл ішінде қоршап, ішін тазалап, тәртіпке келтіріп, тазалығын қарап, электронды базаға тіркеп, толық айналысады.

Әкім орынбасары баға мәселесінің да қайта қаралатынын айтты. Ал конкурста 50 зиратты бірден ұтып алған компанияның іс-әрекетінде заңбұзушылықтар болуы мүмкін. Облыстық монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне жерлеу рәсімімен айналысып отырған бірнеше ұсақ кәсіпорын шағым айтқан. Яғни бұл салада бәсекелестік жойылып, монополист компания пайда болған. Департамент басқару компаниясына ескерту жіберген. Олар заңбұзушылықтарды жоюға уәде етіпті. Дәл сондай ескерту қала әкімдігіне де жолданған.

Сағындық Ерғалиев, Облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының орынбасары:

- Қалалық әкімдік біздің ескертуімізге жауап берулері керек. Ары қарай олардың қандай шешім қабылдайтынын көреміз. Егер құлақ аспай, жалғастыра берсе, арнайы тексеру жүргізетін боламыз. Бұл жерде заңбұзушылық бар ма, жоқ па, сол тексеру анықтайды. Әзірге заңбұзушылықтардың белгілерін ғана байқадық.

Яғни бұл даудың немен тынары қала әкімдігі қабылдайтын шешімге байланысты болмақ. Әкімдікте қоғамдық комиссия құрылып, тараптардың ұсыныс-тілектерін тыңдауға кіріскен.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top