USD 334.92 EUR 396.70 РУБ 5.72

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      



Қарағанды облысындағы апатты 5 елді мекеннің халқы көшіріледі

  • 267
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Қарағанды облысындағы апатты 5 елді мекеннің халқы көшіріледі

Пайдалы қазбаға бай Қарағандының кенді аймақтарында ахуал көңіл көншітпейді.

Атап айтсақ, Жезқазған өңіріндегі Рудник, Весовая, Крестовский секілді 5 бірдей елді мекеннің 6 мыңға жуық тұрғынын Сәтбаев қаласына көшіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Көш 2018 жылға дейін аяқталуы тиіс. Себебі бұл ауылдардың барлығы апатты жағдайда тұр. Асты кен орны болғандықтан, тұңғиыққа түсіп кету қаупі бар. «Қазір құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бірақ тұрғындарды тұрғылықты жерінен қозғау қиынға соғып отыр», – дейді жергілікті билік өкілдері.

Үш жылдың ішінде Сәтбаев қаласында тұтас бір аудан бой көтерген. «Нұрлы мекен» деп аталатын бұл жерге келешекте апатты деп танылған 5 бірдей ауылдан 2800-ден астам отбасы көшіріледі. Ал әзірге 500 жанұя қоныс тойын тойлаған.

Жаңа ауданға ең алғашқы болып көшіп келгендердің бірі – Владимир Трубачтың отбасы. Ол 30 жыл шахтада еңбек еткен. Қоныстой иесі жаңа баспананың сапасына дән риза.

Владимир Трубач, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

– Бұл қайткенмен де қала орталығы ғой, шалғай ауыл емес. Пәтер жақсы, көңілімізден шықты. Көшіп келгеніме еш өкінбеймін.

Владимир секілді 580 жанұя бүгінгі күні жаңа пәтердің кілтін алды. Бірақ 1200 отбасы әлі де кезегін күтіп отыр. Олардың баспаналары жақын күндері салынып бітеді. Бұған қоса жаңа ауданда 600 орындық мектеп те тұрғызылған.

Бауыржан Досжан, Сәтбаев қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

– Жалпы 40 үйден 15 үй салынып, 25 үйдің құрылысы қазір жүруде. Жылдың аяғына дейін тапсырып, қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Алайда құрылыс аяқталғанмен, 6 мың адамның кейбірі баспана алудан бас тартып, ақша талап етуде. Кейбірі үйінің бағаланбағанын айтуда. Солардың бірі – Рудник кентінде тұратын Роза Ишанқұлова. Оның үйі әуелде 5 миллионға бағаланса, кейін 11 миллионға көтеріліпті. Бірақ ақша әлі жоқ.

Роза Ишанқұлова, Рудник кентінің тұрғыны:

– Бізді өздері сотқа берді. Олар баға шығарды, соны күтіп отырмыз. Не үй жоқ, не ақша жоқ. Қорқамыз, жан-жақтың бәрі қоқыс. Үйлердің барлығы құлап жатыр. Тапа-тал түсте қақпаларымызды алып кетеді, терезелерді де сындырып кетіп жатыр.

Қазір қаңыраған ауылдардың күйі адам шошырлық. Ғимараттар қираған. Ал үйлердің көпшілігі жылу жүйесінен ажыратылыпты. Қыс болса қыр астында. Көштен қалған тұрғындардың енді қақаған аязда қалай жан сақтайтыны да белгісіз күйде қалып отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top