USD 334.80 EUR 394.47 РУБ 5.80

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      


Қазақстандық гардеробшы Қаржы министрлігінен 7 млн теңге талап етіп отыр

  • 76
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Қазақстандық гардеробшы Қаржы министрлігінен 7 млн теңге талап етіп отыр

Жыныстық мәжбүрлеудің өтемақысы ретінде 7 млн теңге талап етіп отырған Анна Белоусова Астана қаласының Есіл аудандық сотына бұрынғы басшысы үстінен аппеляциялық шағым түсірді.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан 6 жыл бұрын басталған дауға әлі күнге дейін нүкте қойылмай келеді. Қостанай облысының 36 жастағы тұрғыны Перцов ауылындағы мектепте гардеробшы болып қызмет еткен. Шағымданушы әйелдің айтуынша, мектеп директоры оны бірнеше мәрте жыныстық қатынасқа итермелемек болған. Артынша ол жергілікті сот инстанцияларына барып арызданса да, айыптап отырған басшысы ақталып, жауапқа тартылмапты. Әділдік іздеп, ісін БҰҰың Әйелдер құқығы комитетіне жолдаған. 2015 жылы Халықаралық ұйым Аннаның құқығы бұзылғанын мойындап, Қазақстан елінен өтемақы өндіру туралы шешім шығарады. Осылайша, шағымданушы тарап мемлекет қазынасы болып саналатын Қаржы министрлігінен 7 млн теңге талап етіп отыр.

Ольга Ломако, ҚР Қаржы министрлігінің өкілі:

– Бюджет кодексінің 213-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының қарыз алушы резиденті одан тиесілі соманы белгіленген мерзімде төлемеген жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің берешекті толық немесе ішінара өтеуге қарыз берушінің алдындағы міндеттемесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігі болып табылады. Сондықтан бұл жағдай мемлекеттік кепілдік шартына сай келмейді.

Снежанна Ким, Анна Белоусованың қорғаушысы:

– Егер Азаматтық кодексте міндеттемелік құқық деген түсінік бар болса, соған сай халықаралық келісімге қол қойылса, онда шарт орындалуы қажет. Біз неліктен халықаралық шешімді жоғары деңгейде орындамаймыз. Адам құқықтары жөніндегі конвенцияларды орындамасақ, елдің беделіне нұқсан келуі мүмкін. Бұл тек менің қорғауымдағы Аннаның емес, елдің мүддесіне де жатады.

Ақылдаса келе, сот істі қарауды 8 қазанға шегерді. Шағымданушы жақ тиісті шешім қабылданбаған жағдайда Жоғарғы Сотқа жүгінетінін жеткізді. Айта кетейік, Анна Белоусова ауыр күйзеліске ұшырап, көру мүмкіндігінен айырылуына байланысты сот отырысына қатыса алмады.

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top